ШҚО-до 50 млн-ға салынған саябақ қараусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-до 50 млн-ға салынған саябақ қараусыз қалды

14.09.2018

Шығыс Қазақстанда 50 миллион теңгеге салынған жаңа саябақ қараусыз қалды. Демалыс орнының ашылғанына 1 жылға жетер-жетпестен ішін адам бойы арамшөп басып, қоқыс толып кеткен. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қалалық бюджеттен қаржы тек саябақты салуға ғана бөлінген. Ал, оның әрі қарайғы күтіміне ақша қарастырылмаған. Негізі бұл жерде кезінде балаларға арналған қалашық болған. Алайда, тұрғындарға саябақ керек деп шешіліп, оның бәрі сүрілген. Бұдан соң жаңа ойын және спорт алаңдары, орындықтар және биодәретхана орнатылған. Шаһар жұртшылығы жергілікті биліктің осынша ысырапшылдыққа жол бергеніне ашынады. Себебі, тұрғындар көбіне қаланың орталық алаңында серуендейді. Риддерліктердің пікірінше, ойын алаңдарын осы жерге жайғастыруға болар еді. Бірақ бұған қалалық әкімдіктің өз уәжі бар.

Екатерина Попикова, Риддер қаласының тұрғыны:

- Саябақтың іші өте кір. Шөп қаулап өсіп кеткен. Балалар бір жерлерін жарақаттап ала ма деп алаңдаймыз. Саябақтың құрылысын өзі қыста бастап еді, жалпы сөйтіп жұмыс істеуге де болмайды ғой.

Нұрсұлтан Көккөзов, Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Құрылыс нормалары мен ережелеріне сай ойын алаңқайын орталық алаңдарға орнатуға болмайды. Ол үшін арнайы жерлер бар. Сондай-ақ, орталық алаңның келбеті бұзылады.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу