Астанада үш жыл бұрын салынған ескерткіш қараусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада үш жыл бұрын салынған ескерткіш қараусыз қалды

03.08.2023

Астанада үш жыл бұрын салынған ескерткіш қараусыз қалды. Айналасын арамшөп басып, егілген ағаштары қурап жатыр. Ал елорда әкімдігі ескерткіштің әуел бастан рұқсатсыз салынғанын айтады. Сонымен мемориал кімдерге арналған? Оның күтіміне кім жауапты?

Айя Мүтәлі, тілші:

Қараусыз қалған монумент Астананың орталығында орналасқан. Көріп тұрғандарыңыздай, маңы қоқысқа толып, айналасын арамшөп басқан. Тұрғындардың айтуынша, мына арнайы қойылған жарық шамдары да бүгінде істемейді екен. Ал ескерткіштің өзі елге еңбегі сіңген құрылысшылар мен сәулетшілердің құрметіне салынған.

Ал олардың аты-жөні тасқа қашалып жазылып тұр. Ескерткіштің салтанатты түрде ашылғанына үш жыл болған. Мүсін қараусыз қалғандықтан, мұндағы кейбір тұрғындар оны тіпті байқамапты.

Ал ескерткішті ардагер құрылысшы Жамбыл Мелдебай өзге сәулетшілердің көмегімен өз қаражатына салған. 3 жыл бойы қолдан келгенше күтім жасауға тырысыпты.

Жамбыл Мелдебай, ардагер құрылысшы:

Үш жыл гүл ектім. Тал ектім. Освещение жасадым. Видеонаблюдение қойдым. Кабельді ұрлап кетіпті. Шлаңгі насості ұрлап кеткен. Прожекторды ұрлап кеткен. Енді менің қаражатым жоқ қой.

Ал әкімдік мүсін рұқсатсыз салынған деп отыр. Әрі ескерткіш стандартқа сай келмейді. Комиссия тексерісінен өтпеген деді.

Әлия Әбсеметова, қалалық Нұра ауданы әкімінің орынбасары:

Себебі ол пластикадан жасалған. Өзіміз қараған болатынбыз барып. Пластикадан болғаннан кейін ол стандарттарға сай емес. Қарастыру керек. Ол мемлекеттік жер болса, мемлекеттік тарапынан қарастырылатын болады абаттандыру жұмыстары. Ал егер жекеменшік болса, ол адамдармен сөйлесетін боламыз.

Кейін белгілі болғандай, жер жекенің меншігінде екен. Сондықтан жер иесі бұл аумақты қоғамдық пайдалануға берсе, әкімдік ескерткішті күтіп ұстау жұмыстарын қолға алуға дайын.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу