«Қазақтану» жобасы жүзеге асуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақтану» жобасы жүзеге асуда

12.09.2018

Елімізде «Қазақтану» жобасы жүзеге асырыла бастады. Бүгін Қызылордада   «Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттауға арналған республикалық лекторий» өтті. 

Мынау ұлттық нақыштағы, әдемі ою-өрнекпен көмкерілген көздің жауын алар әсем бұйымдар, дәмі тіл үйірер ірімшік пен бауырсақ, құрт пен май және түрлі сусындарды  тұрғындар  өздері әзірлеген. Өңірде ұлттық құндылықтар ерекше дәріптеледі. Атадан балаға жалғасып келе жатқан керемет дәстүр сабақтастығы ешқашан үзілген емес.

Рахима Ахметова, «Қоғамдық келісім» МКМ директорының орынбасары:

-Келіншек өзінің күбісімен келіп, осы жерде қымызды қалай пісетініне дейін көрсетіп жатыр. Аналарымыз қазақтың бұйымдарын қалай дайындайтынын, бәрінің әдісін көрсетіп жатыр. Оның бәрі үлкен еңбек, елімізге, ұлтымызға, Отанға деген үлкен құрмет.

«Қазақтану» жобасының Қызылордадан бастау алуы бекер емес. Алаштың анасы атанған өңірде  мәдениет пен  тарих, төл өнер мен әдет-ғұрып  жақсы сақталған.

Камал Әлпейісова, «Қоғамдық келісім» РММ бас сарапшысы: 

-Қызылорда-қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған және қазақшылық бойынша бүкіл қазақ еліне, республикаға үлгі бола алатын өңір. Биыл Қызылорда қаласының 200 жылдығы аталып өтіліп жатыр. Сол 200 жылдың өзінде қаншама тарих бар. Сол тарихтың белес-белесінің астында қазақтың қанша салты, дәстүрі қалды, қаншамасы ұмыт қалды. Соны бүгінгі қоғам, бүгінгі орта, жастар білуі тиіс.

Түрлі этнос өкілдері қазақтың тарихын, мәдениеті мен тілін білсе, елдегі тұрақтылық пен бірлік нығая түседі. Сондықтан, «Қазақтану» жобасының жөні бөлек. 

Леонид Прокопенко, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:

-Қазақ әлеміне терең бойлау керек. Мәдени мұраға өте бай халықтың тарихы, философиясы, салт- дәстүрі мен әдет-ғұрпын елімізде  тұратын әрбір азамат  құрметтеуі керек. Оны дәріптеу арқылы біз ортақ құндылықтарды қалыптастырамыз. Бұл - «Қазақтану» жобасының мақсаты.

«Қазақтану» жобасы – ұрпақтар сабақтастығы. Жастар тарихты біліп, оқып қана қоймай, оны көзбен көріп, сезінуі керек. Үлкендерден үйреніп, мәні мен маңызын ұғынуы қажет. Жоба аясында еліміздің тарихи жерлерін аралау, ауыл-аймақтарда лекторийлар өткізу жоспарда бар.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу