Татарстанның көне Бұлғар қаласында ең үлкен баспа Құраны сақтаулы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Татарстанның көне Бұлғар қаласында ең үлкен баспа Құраны сақтаулы

12.09.2018

Әлемдегі ең үлкен баспа Құраны мен ең кішкентай Құран Татарстанның көне Бұлғар қаласында сақтаулы тұр. Осы және өзге де құнды жәдігерлерді көру үшін Еділ жағасына жылына жарты миллиондай турист келеді екен. Бүгінде Бұлғар қалашығы музей-қорық ретінде мемлекеттің қорғауына алынған. Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Татарстанға сапары осы көне шаһарда жалғасты.

Көне Бұлғар қаласына туристер Қазаннан Еділ өзенімен жылдамырақ жетеді. Ескі шаһар аумағында қазір 8 музей орналасқан. Солардың ең танымалы Бұлғар мәдениеті музейі мен Құран музейі.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Бұлғар көне қалашығындағы ең құнды жәдігерлердің бірі мына Құран. Оның ұзындығы екі, ені бір жарым метр. Салмағы 500 килограмм. Бұл баспадан басылып шыққан әлемдегі ең үлкен Құран.

Құранды Қазандағы Құл Шәріп мешіті ашылғанда италиялық шеберлер арнайы тапсырыспен шығарған. Мұсылмандардың қасиетті кітабына арналған музейде ең кішкентай құран да бар. Жалпы, Бұлғар қаласы діндер мен түрлі мәдениеттердің тоғысып, біте қайнасып кеткен рухани ордасы.

Ринат Вагапов, Бұлғар музей-қорығының бөлім меңгерушісі:

- Бұлғар түркі әлемінің ең құнды нысандарының бірі. Бұл қала сіз бен бізді біріктіріп тұрған түркі әлемінің өте өркениетті халық болғанын дәлелдейді. Жалпы бұл жер Еуразия құрлығындағы түркі дүниесінен қалған  рухани құндылықтарға өте бай мекен.

Бұлғар мәдениетінен сыр шертетін музей сонау ғұндардың, түркі қағанаттарының да тарихын қамтыған. Ал ашық аспан астында түрлі патшалардың әмірімен бірде мешіт, бірде шіркеу қызметін атқарған ғимарат орындары мен 12-15-ші ғасырлардағы мавзолей, мұнаралар сақталған.

Руслан Валишанов, Алматы облыстық татар этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі:

- Біз бұл сапарымыздан өте тамаша әсер алдық. Өзімнің түп-тамырым, тарихи Отаным жайында біраз мағлұмат алдым. Осы сапарды ұйымдастырған азаматтарға алғысым шексіз.

Көне қалашық әлі де зерттелу үстінде. Бір анығы – осы Бұлғар шаһары - қазіргі Болгария, кабардин-балкарлар және татарлардың алтын бесігі саналады.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу