Алматыда «Еуразиялық экономикалық одаққа бірігу жағдайында азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және мүдделерін қорғау саласына қатысты әлеуметтік және еңбек заңнамасының үйлесімділігі: теория, тәжірибе және мүмкіндіктер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Еуразиялық одақ - болашақтың стратегиясы. Сондықтан, оның құқықтық іргетасы нық қалануы керек. Заңгерлер бас қосқан бүгінгі жиында экономикалық ықпалдасу шарттары мен еңбек құқығын реттейтін заңдық нормалар талқыға түсті. Алдағы уақытта еңбек дауын болдырмауы тиіс модельдік Заң жобасы ұсынылды.
Геннадий Хныкин, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы (Ресей):
Заңгерлер қауымы бірігіп,еңбек туралы заңнама жобасын әзірлеудеміз. Жобаға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина ғалымдары бірігіп атсалысуда. Еңбек миграциясы, жұмысшының іскерлік сапасы, кадрларды ауыстыру сынды құқықтық нормалар енген модельдік құжат болмақ. Ғылыми негіздегі құжатқа Еуразиялық одақ шеңберіндегі мемлекет ғалымдары өз ұсыныстарын енгізе алады.
Біртұтас экономикалық кеңістік - инновациялар мен қуатты технологиялық серпінділіктің ғана емес, еркін тауар айналым аумағы болмақ. Сондықтан, ортақ заңнамада өндіруші құқығын қорғау - негізгі міндет саналады. Ал, бірігудің игілігін көріп отырған Еуроодақ мемлекеттері заңдарды орталықтандыруды 3 жылда іске асырған.
Емил Мингов, София университетінің профессоры (Болгария):
Біздің Еуропа одағы құрамындағы елдердің заңнамасы Еуропа комиссиясы бекіткен регламенттер мен директиваларға үйлесімді болуы керек деген механизм бар. Егер кез келген ел өндіруші құқығын шектесе, Еуропалық сот заңды түзегенше мемлекетке айыппұл салады.
Серік Әбдірахманов, Қазақстан Еңбек конфедерациясының президенті:
Біз өз өндірушілерімізді қолдасақ, тауарды өткізуге үлкен нарық ашылып отыр. Ресей, Беларусь халқын бірге қосқанда 160 миллион халық. Міне, сол нарыққа тауарларымызды шығара аламыз деген сөз.
Ұрымтал сәтті ұтымды пайдалану үшін елдегі өндіруші кәсіпорынның саны артуы тиіс. Ол үшін жеңіл пайызды несиені көбейтсек ұтарымыз көп, дейді мамандар.
Дәурен ДАРИЯБЕК