Ақтөбеде мектеп түлегінің өліміне қатысты сот басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде мектеп түлегінің өліміне қатысты сот басталды

05.09.2018

«Алтын белгі» иегері сот алдына келді. Бүгін Ақтөбеде мектеп түлегінің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Биыл маусым айының 17-сі күні қаладағы №19 мектеп түлегі пышақ жарақатынан ауруханада көз жұмған еді. Оған басқа білім ордасының түлегі пышақ сұқты деп айыпталуда.

Екі бозбала арасындағы жанжал көңіл көтеру кешінен басталған. Іс материалдарына сәйкес, оқиға болған күні айыпталушы сыныптасымен бірге қыдыруға шығып, құрбыларымен кездеседі. Қыздарды шығарып салған соң бұған дейін жанжалдасып қалған қатарласымен жолыққан. Екеуі жеке сөйлеспек болады. Алдын ала мәлімет бойынша, келісімге келмей жатып жәбірленуші жұдырық жұмсайды. Ал, айыпталушы  төбелес кезінде бірнеше рет пышақ сілтеген. Салдарынан жәбірленуші ауруханада жан тапсырған болатын. Сот отырысы кезінде айыпталушы марқұмның ата-анасынан кешірім сұрап, қылмысты қасақана жасамағанын айтты. Сот процесі әлі жалғасады.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу