Семейде «Беларусь» тракторының 8 түрі құрастырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде «Беларусь» тракторының 8 түрі құрастырылады

29.04.2014
Семейде «Беларусь» тракторының 8 түрі құрастырылады
Семей машина құрастыру зауытында ауылшарушылық техникаларын шығару жанданып келеді. Осыдан он жыл бұрын «Беларусь» тракторын алғаш рет құрастырған кәсіпорын бүгінде, бұл маркадағы техниканың 8 түрін жасауға қол жеткізді.
 
Жақында зауыттан егістікке қажет тағы бір жаңа трактор құрастырылып шығатын болады. Қазір сапасы жоғары отандық техникаға еліміздің барлық өңірлерінен сұраныс артқан.
 
Семей машина құрастыру зауыты айына 130-150 трактор құрастырып отыр. Ауыл шаруашылығында түрлі мақсатта қолданылатын сапалы техникалардың Беларусь елінен шығытындарынан ешқандай кемшін тұсы жоқ. Мұндағы мамандар да, түгелдей сол елдегі зауыттан тәжірибеден өткен.
 
Әсемхан Досқожанов, Семей машина құрастыру зауытының бас директоры:
Біз Беларусь елімен Қазақстанда трактор құрастырамыз деп келісім жасағанбыз. Қазір олардың лицензиясымен біз жинап жатырмыз. Зауыт 3000 тракторға дейін шығара алады.
 
Семейде жасалатын тракторлардың бағасы қолжетімді. Сапасына кепілдік бар. Сондықтан отандық шаруашылықтар алыстан алмай, өз елімізден шыққан техникаға таңдау жасауда.
 
Әсіресе, көктемгі егіс науқаны мен күзгі жиын-терім кезінде тапсырыс көп-дейді мамандар. Еліміздің ішкі сұранысын қамтамасыз етіп отырған семейлік зауыттан шыққан техниканы Ресейдің шекаралас аймақтары да ала бастаған.
 
Нияз Бектар, инженер-технолог:
Сапасы өте мықты. Беларусь елінен да мықты деп айтуға болады. Өйткені барлық тракторларымыз қолмен жиналады. Қазір біз үлгермей жатырмыз. Өйткені, біздің тракторларды көп алып жатыр.
 
Тракторлардан бөлек жүк көліктері мен арнайы мақсаттағы машиналардың да бірнеше түрін шығаратын кәсіпорында бүгінде 300 адам жұмыс істейді. Зауыт тапсырысқа сай біртіндеп қуаттылығын арттырып қарқын алып келеді.
 
 
Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу