«Астана-Париж» велошеруіне қатысушылар Мәскеу қаласына жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана-Париж» велошеруіне қатысушылар Мәскеу қаласына жетті

24.08.2018

«Шекарасыз спорт» деп аталатын әлеуметтік жобаның аясында жолға шыққан «Астана-Париж» велошеруіне қатысушылар Мәскеу қаласына жетті. Бұрын-соңды болмаған мұндай шараға көзі нашар көретін және мүлде көрмейтін зағип жастар қатысып жатыр. Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың да кез келген шараға қатысып, түрлі қиындықты жеңуге қауқарлы екенін көрсету.

Астана мен Париждің арасы 5 мың шақырым. Әзірге олар осы жолдың тең жартысын артқа тастап, Мәскеуге жетті. 16 адамнан құралған топ тандем деп аталатын екі адамдық велосипедпен жүріп келеді. Оның алдында отырған адам арттағы көзі нашар көретін немесе мүлде көрмейтін серігіне көмектеседі. Жол үстінде төңіректі суреттеп, айналасынан көрген-білгенін зағип жанға айтып отырады.

Марат Панарин, велошеруге қатысушы:

- Ең бастысы, осындай көздері көрмейтін адамдарға әлемді көрсету. Оларға барлық көргенімізді түсіндіреміз. Қалғанын иісінен сезеді.

Кенжеғұл Сейітжан – Торғайдың тумасы. Қос жанары бірдей көрмесе де, оның көкірек көзі сайрап тұр. Елден шыққалы жолай кездескен кей машиналардың құйтырқы жүрісін еске алған ол тек осы автожолда ғана емес, жалпы, өмір жолында да небір қиындықпен күресіп келе жатқанын айтады. Сондықтан, Кенжеғұл 12 мүшесі сау бола тұра қол қусырып үйде отыратын біраз жанға ой салсам дейді.  

Кенжеғұл Сейітжан, велошеруге қатысушы:

- Мүмкіндігіміз шектеулі деген атымыз ғана. Көзім көрмегеніммен, спорттың 5 түрімен айналысамын, өз кәсібім бар. Жалпы, біз халыққа қол қусырып үйде отырмау керек екенін көрсетудеміз.

Велошерушілер жол бойы әлемнің 30 шаһарында болып, ел-жер көреді. Ресейден соң Беларусь еліне барады, одан соң беттегендері - Польша, Германия, ал, түпкі меже Францияның астанасы. Олар осы арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдардың шын мәнінде мүмкіндігі шексіз екенін көрсеткісі келетін жігерлі де қайсар жандар.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу