Астанада үлескерлер баспаналарының құрылысы неге жүрмей жатқанын білу үшін әкімдік алдына жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада үлескерлер баспаналарының құрылысы неге жүрмей жатқанын білу үшін әкімдік алдына жиналды

17.08.2018

Елорда әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасы неге орындалмайды? Құрылыстың жандануына қажетті бір парақ қағазға не себепті қол қойылмай отыр? Бүгін осы сауалдарға жауап іздеп 50-ге жуық үлескер «Елорда құрылыс компаниясының» кеңсесіне барды. Құрылысы 6 жылдан бері тұралап тұрған «Шығыс», «Жағалау 3 және 4» тұрғын үй кешендеріне 1500-ден астам үлескер қаржы құйған. Көбі қабырғасы тұрмақ, іргетасы қаланбаған үйлерге 100 пайыз төлемдерін төлеп тастаған. Естеріңізде болса, осыдан бір апта бұрын қала әкімі Әсет Исекешев 5 күн ішінде осы үлескерлерге қатысты құжатқа қол қойып, «Елорда құрылыс компаниясына» құрылысты жалғастыруды тапсырған еді. Ал, мыңдаған азаматтың арманы болған шаршы метрлерді о баста Сергей Котляров басқаратын «ASI» құрылыс компаниясы салып бастаған. Екі ортада теңгенің құнсыздануы компанияны тақырға отырғызып, құрылыс тоқтап тұр. 

Руслан Ділдәбеков, үлескер:

- Котляровқа барсақ, «Мен өз тарапымнан құжаттардың бәрін «Елорда құрылыс компаниясына» тапсырдым. «Елорда құрылыс компаниясы» созып жатыр», - дейді. Келіп, сұрасақ, Досаев мырза «Біз емес, біз өз жағымыздан қатырар едік», - дейді. Екі жақтың айтып жатқан сөздері екі түрлі болып тұр.

Уәлихан Досаев, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС басшысы:

- Құжаттарды реттеп, құрылысты аяқтау үшін, қанша қаржы керектігін білу үшін құрылыс компаниясы тапсырған құжаттармен танысып жатырмыз. Біз айтқан ескертпелерді неғұрлым тез түзетсе, соғұрлым біз ширақ қимылдаймыз. Осыдан соң, бұл құжатты бақылаушы кеңес назарына ұсынамыз. Соңғы шешім соларға тиесілі.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу