Басты Жаңалықтар Кедендік одақ нарығына неміс кәсіпорны да келді

Кедендік одақ нарығына неміс кәсіпорны да келді

Кедендік одақ нарығына неміс кәсіпорны да келді
Соңғы кездері жүргізіліп отырған интеграциялық саясат тек отандық кәсіпкерлерге ғана емес трансұлттық кәсіпорындарға да кең мүмкіндік беріп отыр.  
 
Кәріз құбырлары мен есік-терезеге арналған пластик шығарумен айналысатын немістің «Funke Gruppe» кәсіпорны Кедендік одақтың нарығына шығу үшін Астана маңынан бөлімшесін ашты. Беларусь емес, Ресей емес неге Қазақстанды таңдады деп ойларсыз?
 
Себебі біздің елде оңтайлы географиялық орынды айтпағанда, Үкіметтен бизнеске берілетін жеңілдік көп. Бүгін Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары кәсіпорынға барып, оның жұмысымен танысты.
 
Германияда Президент мысал қылып жүрген атадан балаға жалғасатын отбасылық бизнес жақсы дамыған. Кох Петер өз өнімімен еуразия нарығын игеру үшін Астанаға арнайы келген. Себебі елде инвестициялық климат ерекше, министрлік те өндіріс ошағын құруға қолұшын берген.
 
Кох Петер, «Funke Gruppe» кәсіпорнының бас директоры:
Кәсіпорынды ашуға Қазақстанды арнайы таңдап алдық. Логистикалық жағынан барлық елге тауар тасымалдау оңай. Былтыр 11 миллион доллар инвестиция тарттық, биыл тағы 3 миллион еуро қаржы саламыз. Мұның 70 пайызы өз қаражатымыз, қалған 30 пайызы «Даму» қоры арқылы қаржыландырылды.
 
Кәсіпорында қазір 70-тен аса адам жұмыс істейді. Барлығы дерлік Қазақстан азаматтары.   Бауыржан Сайынбөлеков  - инженер. Кәсіпорын есебінен Германияда арнайы оқып келген.
 
Бауыржан Сайынбөлеков, инженер:
10 жылдық тәжірибем бар. Осы компанияда жұмыс істеп жатқанымды мақтан тұтамын. Қарапайым кәсіби мектепті бітірдік қой, жоғары білім болмаса да Еуропа елдерінде болып, жақсы тәжірибелер алып келдік.
 
Қазір барлық қоспалар мен шикізаттар кәсіпорынға Еуропа мен Қытайдан әкелінеді. Кездесуге келген вице-министр бұл шикізаттар мұнай мен газдан жасалады, сондықтан болашақта отандық шикізатты пайдаланатын боламыз деді.
 
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары:
Бізде ондай циклді әлі жасап жатқан жоқ. Енді Атыраудан шығарады деп отыр. Сол себепті оны неге Еуропадан алып келесіз дедім. Өйткені, әлі Қазақстанда жасалмайды, жасауға тиіс.  Қазақстанға алып келсек, онда толықтай осы затты біздің елде шығарды деп айтуға болады.
 
Бір жыл бұрын ғана жұмыс істей бастаған кәсіпорын қазір 40 пайыз өнімін ішкі нарыққа, 60 пайызын Ресейге шығаруда. Кәсіпорын ұжымы Еуразиялық экономикалық кеңістік аясында кез-келген бәсекелестікке төтеп беруге дайынбыз деп отыр.
 
 
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
Бөлісу