Аграрлық сала ғылымсыз дамымайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аграрлық сала ғылымсыз дамымайды

06.08.2018

Ауыл шаруашылығы саласының ғылыми-зерттеу институттары мемлекетке қол жайып отыра бермей, тиімді ғылыми жобаларын сатып, одан түскен қаржыны өздеріне жұмсауы керек. Сонда ғана институт ғалымдарының табысы ұлғайып, нәтижелі зерттеу жүргізуге жол ашылады. Алматы облысының аграрларымен кездескен Премьер-министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев осыны айтты. Оның сөзінше, ғылыми зерттеумен айналысатын институттар ең бай мекеме болуы тиіс. Себебі, олардың қолында үлкен күш бар. Ол - ғылым. Сол арқылы білікті мамандар жаңа жобаларды ойлап тауып, өндіріске көптеп енгізуі тиіс.

Әлемде жер көлемі жағынан біздің он алты өңірдің бір облысының жерімен бірдей мемлекеттер ауыл шаруашылығын дамытып өздерін де, көрші елдерді де сапалы өнімдермен қамтамасыз етіп, қыруар қаржы тауып отыр. Технологиясы дамыған елдер топырақсыз-ақ, егін егетін жағдайға жетті. Ал, бізде керісінше жер құнарлы, әрі кең болғанымен егін егіп, мал өсіруде ғылымға иек арту жоқ. Жерді гектарлап алғандар пайдаланбайды. Ғалымдар зертханада отырып зерттеу жасайды. Ал, шаруалар өз білгендерімен егін егеді. Ғылыммен істің арасы бір-бірімен қабыспайды. Сондықтан, осы салада өнімділік өте төмен.

Өмірзақ Шөкеев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі:

- Неге сіздер кедейсіздер, неге институт өзін-өзі зорға қамтып отыр? Негізі, ғылыми институттар шаруалар мен  кәсіпкерлерге өнімділікті арттыратын жобаларын сатып, мол табысқа кенелу керек. Сіздер - ғалымсыздар. Сондықтан, заман талабына сай өзгеріп, жобаларыңызды сатып, өз жағдайларыңызды жасап, маркетингті үйренулеріңіз керек. Енді бұдан былай ғылыми жұмыстардан тапқан табыстарды институтқа қалдырамыз, пайдаға жаратыңыздар. 

Енді министрдің ескертуінен кейін ғалымдар мен шаруалар бірлесіп жұмыс істемек. Өйткені, оларға ауыл шаруашылығын экономиканың драйверіне айналдыру міндеті қойылды. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Мәселен, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты биылдан бастап, Агрохабта өнімділікті арттырудың тың тәсілдерін қолданып жатыр. Нәтиже бар. Бірақ, бұл тек аумағы аз жерге тәжірибе үшін егілген егін. Бұдан былай, ғалымдардың осы жаңалығы игілікке айналып, үлкен егістік алқаптарда жаңа әдіспен егу ісі қолға алынбақ.

Бақытжан Дүйсенбек, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары:

- Фермерлер өздерінің білгенімен істемей, ғылым не істеп жатыр, оның бүкіл технологиясын тұқымнан, дәріленіп сауықтырылған тұқымнан бастап, өсіру кезіндегі бар технологияны ашық түрде көре алады. Егер ғалымдардың жетістіктерін пайдаланытан болса, қазіргі алып отырған өнімінен бір жарым, екі жарым одан да көп есе өнім алуына біз кепілдік бере аламыз.

Алматы облысының жер көлемі: 223 911 шаршы шақырым. Мұнда 2 миллион халық тұрады. Салыстырмалы түрда алсақ, Оңтүстік Кореяның жер көлемі 100 210 шаршы километр. Бұл Алматы облысының жерінің тең жартысынан кіші деген сөз. Осы 10 млн. 21 мың гектар жерде 51 млн халық тұрып жатыр.

Олар егінді де егіп, мал мен құсты да өсіретін орын тауып, елді асырайды. Артылған өнімін экспортқа шығарады.

Ал, аталған мемлекеттен екі есе үлкен Жетісудың 22 358 432 гектар құнарлы жеріне 20 млн. адамды, яғни, еліміздің барлық тұрғынын сыйдыруға болады. Мұндай жерді тиімді игеріп, ауыл шаруашылығын ғылымға негіздесе, онда 200 млн-нан 500 млн-ға дейінгі адамды азық-түлікпен қамтасыз етуге мүмкіндік бар. Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасынан кейін өңір ғалымдары осы үдеден шығу үшін тың серпінмен жаңа ізденістерге кірісеміз, деп уәде берді.  

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу