Қызылордада күзде 16 көпқабатты тұрғын үй бір мезетте пайдалануға беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада күзде 16 көпқабатты тұрғын үй бір мезетте пайдалануға беріледі

03.08.2018

Бүгін Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов пен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов жұмыс сапарымен Қызылордада болды. Өңірде Елбасының бес әлеуметтік бастамасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.     

Сырдарияның сол жағалауында жаңа қала салынып жатыр. Күзде бір мөлтек аудан яғни, 16 көпқабатты тұрғын үй бір мезетте пайдалануға беріледі. Соның 14-ін  «7-20-25» бағдарламасы бойынша алуға мүмкіндік бар. 

Сондай-ақ,баспанаға қолжетімділікті арттыру үшін облыста жүзеге асырылып жатқан «Орда» бағдарламасы бойынша да жаңа шаһардан үй алуға болады.  

Ал, мынау жеке клиниканың иесі шағын несиелендіру бойынша кәсібін дөңгелетіп отыр. Мемлекеттік бағдарлама негізінде ешқандай кепілсіз-ақ 18 миллион теңге қаржы алып, жаңа жабдықтар сатып алды, жұмысшы саны артты. Бұл-кәсіпкер үшін үлкен қолдау.

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Биыл 20 миллиард теңге қосымша қаржы бөлініп отыр. Осы жылы 14 мың адамды жұмыспен қамтып, өздерінің бизнестерін ашуға көмектеспекпіз.

Бұл-Қараөзек жоғары технологиялық газ компрессорлық станциясы. Былтыр іске қосылған өндіріс орны «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының өткізгіштік қабілетін арттырды. Енді осы станция арқылы  Астана мен солтүстік өңірлерге газ тартылады.

Зияш Қияқбаев, ҚР ЭМ Газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры:    

- Қазір жобалық құжаттар мемлекеттік сараптамалық комиссиядан өтіп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін тендер жарияланып, мердігерлер анықталады. Қазан айында нақты құрылыс жұмыстары басталады. 2019 жылдың соңына дейін аяқтау межеленіп отыр. 

Өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Берекесі мол бес бастаманы насихаттай түсу керек және жүзеге асыру тетіктерін жүйелі жалғастыру қажет.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу