80 жылдық тарихы бар Семей ет комбинаты өнімін жүйелі түрде экспортқа шығара бастады. Кәсіпорын кезінде Кеңес одағы бойынша тамақ өнеркәсібінде қуаттылығы жағынан екінші орында болған.
5,5 мың адамға дейін жұмыс істеген өндіріс тоқырау жылдары тоқтап қалған. Соңғы жылдары комбинат жұмысы қайта жанданып, нарық бәсекесіне төтеп бере алатын жағдайға жетті.
Қазір еліміздің біраз өңірлерін сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, ресейлік тұтынушылардан да тапсырыс ала бастады.
Ілияс Қалымбайұлы 40 жыл бойы ет комбинатында жұмыс істейді. Жігіт шағында өндіріске қарапайым жұмысшы болып келіп, бас инженер қызметіне дейін көтерілген.
Бүгінде өз тәжірибесін ізбасарларына үйретіп келеді. Күніне 700 тоннаға дейін ет өңдеген қуатты кәсіпорынның тарихын жырдай етіп айтады.
Ілияс Қалымбайұлы, Семей ет комбинатының бас инженері:
Өнімдер Куба , Ауғанстан, Чехословакия, Польша, Германияға экспортталған.
Бүгінде шағын өндірісте ондай қарқын жоқ. Дегенмен, бәсекеге төтеп беретін өнімі арқылы еліміздің ішкі сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Комбинатта 70 түрлі шұжық, консервілердің 20-дан астамы жасалады.
Марат Мамыралин, Семей ет комбинатының бас технологы:
Сапаның жақсы болуы - өндірістің даму кепілі. Өнім дұрыс болуы үшін, жақсы шикізат, заманауи құрылғылар қажет. Тағамды жасаудың технологиясы сақталып, сәйкесінше білікті мамандар болуы тиіс. Бізде мұның барлығы бар.
Ресей және Беларусь елімен қарым-қатынас жанданғалы отандық өндірістің өрісі кеңейді. Кеденнен өнімді бөгетсіз өткізіп, ол жақтан шикізат алып тұрады. Өткен жылы Ресейге 350 мың консерві өнімдері жіберілген. Биыл бұл көлемді 5 есеге дейін арттырмақ.
Ілияс Қалымбайұлы, ет комбинатының бас инженері:
Өткен жылы өзімізде шикізат аз болған кезде Беларусь елінен сиыр етін алдық. Моңғолияда біздің мал соятын цех бар. Ол жақтан жылына 400-500 тонна ет дайындап, Ресей арқылы әкеліп отырамыз.
Ет комбинатындағы шетелдік қондырғылардың қуаттылығы тәулігіне 10 тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндік береді. Алайда, бүгінде кәсіпорын тәулігіне 3,5 тоннадай шығарады. 250 жұмысшысы бар.
Енді жақын шетелдермен байланысты жандандыру арқылы толықтай өндірістік күшіне енуді жоспарлауда.
Ержан ЖАҚЫП