Түркістан облысында астық ору науқаны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында астық ору науқаны басталды

09.07.2018

Түркістан облысының диқандары астық оруды бастады. Биылғы қыс пен көктемдегі күн райының қолайсыздығы, онан кейінгі құрғақшылық жердің ырыздығын азайтып кетті. Соған қарамастан, «агротехникалық шараларды уақтылы әрі дұрыс жүргізудің арқасында қамбаға құйылар дән былтырғыдан кем болмайды», -  дейді өңір диқандары. 

Жылдағыдай егінге алғашқы болып орақты қазығұрттық шаруалар салды. Солардың бірі мына өндірістік кооператив.  2 жарым мың гектарға дән сепкен. Шаруашылық жер жырту, тұқым себу және жерді өңдеу секілді жұмыстарды тиянақты атқарды. Қазір егіс алқабында 10-нан астам комбайн астық оруда. Техниканың дені жаңа. Бидай ысырапсыз жиналуда. Сондай-ақ, шанаққа түскен дәннің тазартылуы да жақсы.

Сағидолла Батырбай, өндірістік кооператив төрағасы:

Түсім әзірге 20 центнерден  асып түсіп жатыр. Бұл әрине, парға егілген алқап. Өткен жылы пар танабына егілген егіс. Барлық күтімі жасалынған. Бұл жерде тиісті өсімдік қорғайтын, зиянкестерден қорғайтын, тыңайтатын шараның барлығы жасалынған.

Жалпы, облыс бойынша биыл 238 мың гектар жерге дәнді дақыл егілді. Оның 191 мың гектары бидай. Өзгесі арпа. Бүгінгі таңға дейін қамбаға 30 мың тоннадай дән құйылды. Бидайдың сапасы жақсы. Қамырлылығы 20 бірліктен жоғары.  Ал, құрғақтығы  6-7 пайыз  шамасында. 

Нұрбек Бадырақов, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Алдын ала биылғы есеп бойынша ауа райының қуаңшылығына қарамастан былтырғы жылғы өнімділікті әр гектардан 16 центнерден, жалпы 375 мың  өнім алу жоспарланып отыр.

Биыл мемлекет тарапынан берілетін арзан бағадағы жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыш шаруалардың қолына уақтылы тиді. Көктемгі дала жұмыстарына бөлінген 37 мың тонна жанар-жағармайдың бүгінде 90 пайызы үлестіріліп берілді. Ал, тыңайтқыштың 76 пайызын алып үлгерген. Осылайша, ешбір кедергісіз ораққа кіріскен диқандар астықты тамыз айының алғашқы онкүндігінде толығымен жиып алмақ.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу