Семейде Абайдың домбырасы мұражайда сақталып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде Абайдың домбырасы мұражайда сақталып келеді

02.07.2018

Ғасырдан астам тарихы бар құнды жәдігер. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың тұмар домбырасы Семейдегі мұражай төріне әкелінді. Ақын ұстаған музыкалық аспап күні бүгінге дейін Жидебайдағы мұражайда сақталып келді. «Домбыра күніне» орай жәдігер арнайы Семейге жеткізіліп, мұражай қорындағы өзге де ұлттық аспаптармен бірге көрермен назарына ұсынылды.

1885 жылы Абай Құнанбаевтың ауылына орыс достарының бірі - Нифонт Долгополов барып, Семейдің өлкетану музейіне 60-тан астам зат алып қайтады. Олардың арасында ағаш, теріден жасалған ыдыстар, сондай-ақ, асатаяқ, қобыз, сыбызғы, домбыра сынды музыка аспаптары болған. Жәдігерлердің арасындағы ең құнды дүниелердің бірі - Абайдың тұмар домбырасы. Ұлы ақын жүрек сырын тербетіп, жанына жұбаныш еткен қоңыр дауысты домбыраны қанша уақыт ұстады және оны жасаған шебер кім? Ол туралы мәлімет жоқтың қасы.

Мейрамгүл Қайранбаева, Абай мемлекеттік қорық-мұражайы директорының орынбасары:

- Абайдың өлкетану мұражайына тапсырған заттарын 1964 жылы алғашқы директорларымыздың бірі, абайтанушы Қайым Мұхамедханов арнайы өлкетану музейі қорынан тауып, ішінде сақталып қалған 17 зат біздің музейдің қорына берілген болатын. Солардың бірі - Абайдың тұмар домбырасы.

Кезінде Шыңғыстау өңіріндегі өнер адамдарының көбі үш ішекті домбыраны пайдаланған. Мынау, Абайдың қасынан табылған әнші Әлмағанбет Қапсәләмұлының домбырасы. Жәдігерді ұрпақтары 1970 жылдары мұражайға тапсырған. Бүгінде Абай қорық-мұражайында 100-ге жуық аспап  сақталған. Оның 28-і музейдің бас ғимаратында тұр.

Айнұр Козатьяс, көрмені тамашалаушы:

- Семейге бүгін туыстарыма келдім. Семеймен таныстығымды Абай мұражайынан бастадым. Маған қатты әсер қалдырған - 28 домбыра. Оның кереметі деп Абайдың өзі ұстаған домбырасын айтсам болады. Ол домбыраға бір жарым ғасырдай уақыт болыпты.

Мұражайда бұдан басқа Елбасы Н.Назарбаевқа бата берген абыз ақсақал - Шәкір Әбенов, белгілі әншілер Мәдениет Ешекеев, Келденбай Өлмесеков және өзге де танымал өнер адамдарының ұстаған домбыралары бар.

 

Рысгүл МАДВАСОВА

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу