СҚО-дағы «Олимпиец» сауықтыру орталығы үшінші лагерьлік маусымын ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-дағы «Олимпиец» сауықтыру орталығы үшінші лагерьлік маусымын ашты

29.06.2018

Балаңыз қайда демалып жатыр? Жаз басталса әр ата-ананы мазалайтын сұрақ осы. Бір қуантатыны, соңғы жылдары бұрынғы лагерге жіберу дәстүрі қайта қалыптаса бастады. Солтүстік Қазақстанда орналасқан «Олимпиец» сауықтыру орталығы үшінші маусымын ашты. Осыған дейін спортшыларға арнап жұмыс істеген лагерь биылдан бастап өзге оқушыларды да қабылдап жатыр.

Көк мұздың орнына ақ құм. Коньки кәдімгі кроссовкиге ауысқан. Шорт-трек шебері Саиданың әр күні осындай жаттығудан басталады.

Саида Мұхаметқалиева, спортшы:

- Таңертең сағат 7-де тұрамын. Жаттығу жасаймын. Бірінші кросс жүгіреміз.

Орманның бір шетінде балуандар, тағы бір жерде таэквондашылар жаттығуын жасап жатыр.

Айтжан Алдабеков, Қ.Мұңайтпасов атындағы республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінің таэквандодан жаттықтырушысы:

- Спортшыларға қажет. Жақсы әсер етеді. Тауда, табиғатта жаттығу жасағанда спортшының құлшынысы ерекше болады. Оттегі жоғары жерде спортшының шыдамдылығы да арта түседі.

Спортшылар бар өнерін лагердің ашылу салтанатында көрсетті. «Олимпиец» сауықтыру орталығы осыдан үш жыл бұрын жұмысын бастады. Барлық 22 корпус күрделі жөндеуден өткізіліп, спортшылардың алаңсыз жаттығуына жағдай жасалды. Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектебінің оқушылары жаздағы жаттығуларын осында өткізеді.

Мәлік Сапашев, Қ.Мұңайтпасов атындағы республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінің директоры:

- Осында 120 бала бар. Бұл 1 ауысым. Болашақта осындай 4 ауысым болады. Тамыздың 15-не дейін демалыстар ұйымдастырамыз. Болашақта Астана, Петропавлдағы мектептерден 200 бала осында келеді деп ойлаймыз.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы қызметкерлерінің балалары да осы орталықта демалып жатыр.

Зере Қабдыл, оқушы:

- Маған лагерьдің өзені, көлдері ұнады. Бұл жер өте керемет.

Табиғи тамақ, таза ауа және демалыстың ең жақсысы орман ішінде интернет те, байланыс та жоқ. Телефонға телмірген қала баласы осылайша он күн ішінде дала өміріне бейімделмек.

 

Айнұр ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу