Қазақ-өзбек қарым-қатынасына жаңа леп беретін келісім жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-өзбек қарым-қатынасына жаңа леп беретін келісім жасалды

28.06.2018

Астанада Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесі ұлттық-мәдени орталықтарының Азаматтық форумы өтті. Азия елдерін бір арнаға тоғыстырған алаңқайда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасының министрлер кабинеті жанындағы Ұлтаралық қатынастар және достық байланыстар комитеті меморандумға қол қойды. Бұл келісімнің негізінде қос мемлекеттің қалаларында әртүрлі мәдени шаралар ұйымдастырылатын болды.

Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас, бауырлас ұлттар үшін бұл таңсық болмас. Би мен әні астасқан халықтар достастығын насихаттайтын жиын осындай сән-салтанатпен ашылды. Жылдағы игі дәстүрмен өтетін форумға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты. Мемлекеттік хатшы Астана халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған бастамалардың да бастауында тұратынын ерекше атап өтті. Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы да елорданың рөлі ерекше.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Биылғы форумның тақырыбы «Астанаға ыстық ықыласпен» деп аталуында терең мән бар. Ол біздің бас қаламызға арналған баршаның ілтипаты мен ыстық сезімін көрсетеді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының саяси көрегендігі мен батыл шешімі арқасында пайда болып, бүгінде жаһандық мегаполиске айналып үлгерген әлемдегі ең жас елорда деген сіздердің құрметтеріңізді білдіреді.

Сол құрмет-ілтипатты білдіріп, 12 елден мейман келді. Басқосуда олар Азия елдерінің бірлігін нығайту, саяси, әлеуметтік және мәдени мәселелерді талқылап, пікір алмасты. Мұнымен қоса, форум аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстанның министрлер кабинеті жанындағы ұлтаралық қатынастар және достық байланыстар комитеті меморандумға қол қойды. 

Рустам Курбанов, Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы ұлтаралық қатынастар және достық байланыстар комитетінің төрағасы:

Біз – бауырлас елдерміз. Дініміз ортақ, қашанда бір отбасыдай тату-тәтті өмір сүргенбіз. Қазақстанда 400 мыңға жуық өзбек тұрса, Өзбекстанда 450 мыңнан астам қазақ бар. Қос мемлекеттің басшыларының сарабдал саясатының арқасында түрлі ұлттар мен ұлыстар бір атаның балаларындай өмір сүріп келеді.

Ал меморандумға келетін болсақ, келер жылы Өзбекстанда Қазақстанның жылы өтетінін ескеріп, көптеген шара жоспарлап отырмыз. Солардың бірі – Қазақстанда өзбек тілін, ал Өзбекстанда қазақ тілін үйрететін орталықтар ашу, тарихымыз бен өнерімізге арналған жиындар өткізу.

Айта кетерлігі, Өзбекстанда қазақ тілінде оқытатын 100-ге жуық мектеп, педагогикалық университеттерде 3 факультет бар. Бүгінгі келісімнен кейін көрші елдегі қандастарымыздың ана тілінде білім алып, салт-дәстүрін ұмытпауға бұдан да зор мүмкіндіктер ашылуы тиіс. Осылайша, қос ел достықта шекара жоқ екенін тағы бір дәлелдей түспек.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу