Қазақ-өзбек қарым-қатынасы нығайып келеді

25.09.2017

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық 2020 жылға қарай 5 миллиард долларға жететін болады. Екі мемлекет басшыларының Ташкенттегі кездесуінде осыған негіз болатын экономикалық жобалар жайы пысықталды. Өзбек инвесторлары алдағы жылы Қазақстан аумағында автомобиль құрастыру зауытын салуға кіріспек. Мұнда жылына 7 мың «Ravon» маркалы жеңіл автокөлік шығарылады. Кездесуде еліміз үшін аса маңызды тағы бір келісім жасалды. Көршілес республикамен трансшекаралық су көздерін ортақ пайдалануға қатысты құжатқа қол қойылды. Бұл Тәуелсіздік жылдары ішінде өзара түсіністікпен жасалған уағдаластықтың бірі болып отыр. Қазақ-өзбек жағы сондай-ақ, қорғаныс, отын-энергетика мен мұнай-газ саласында да ірі инвестициялық жобаларды бірлесіп атқаруға келісті. Жалпы, Өзбекстанмен арадағы саяси-экономикалық ахуалдың жақсару нәтижесінде биылғы жеті айдың өзінде сауда-саттық 35 пайызға көбейген.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу