Ұлттық арна көпбалалы отбасыға қайырымдылық көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна көпбалалы отбасыға қайырымдылық көрсетті

11.06.2018

Мейірімділік - жүректен. Ұлттық арна  қайырымдылық көрсетіп, үнемі игілікті істерге ұйытқы болып келеді. Рамазан айында да арна ұжымы  көпбалалы отбасына демеу болу мақсатында сый-сыяпат әзірлеп, үйіне барды.

Гүлжазира Қыдырбаева осыдан бірнеше жыл бұрын өндірістік жарақат алып,  жұмысқа жарамай қалды. Бүгінде  3-ші топ мүгедегі. Жолдасымен дәм-тұзы жараспай, ажырасып кеткен. 5 баланың анасы. Бірақ, күйеуі алимент төлемей келеді. Мемлекеттен 10 мың теңге жәрдемақы алады. Қосымша мүгедектігі жөнінен 27 мың теңге зейнетақысы бар. Алайда, жалдап тұрып жатқан бөлмесіне ай сайын 45 мың теңге төлеуі қажет. Ал ішіп-жеміне, киім-кешегі мен балаларының денсаулығы мен біліміне құятын қаржы көбінде жетпей қалады, -дейді. 

Гүлжазира Қыдырбаева, көпбалалы ана:

- Жұмыс істер едім. Бірақ, осындай себептермен жұмысқа шыға алмаймын.

20 шаршы метр тар бөлмеде Гүлжазираның сіңілісі Гүлзира да тұрады. Оның екі баласы да сал ауруына шалдыққан. Жолдасы болса, денсаулығына байланысты жұмыссыз.

Гүлзира Оңалбекова, қала тұрғыны:

- Кішкене көмектессе екен деймін. Мен мұны Құдайдан тілемедім. Қайтейін, Алланың бергені. Маңдайыма жазғаны осы шығар. Көмектесіңіздерші деймін.

Ұлттық арна ұжымы балаларға сый-сыяпаты мен қаржылай көмегін алып, Гүлжазира мен Гүлзираның үйіне арнайы барды. Десек те, апалы-сіңлілер қолұшын созам деушілердің қолдауына әлі де зәру.

Ұлттық арнаның бастамасымен мұндай қайырымдылық жиі өткізіледі. Шарапаты мол шаралар әлі де жалғасары анық.   

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу