Алматыда «Рамазан керуені» акциясы аясында 500 отбасыға көмек көрсетілді

05.06.2019

Алматыда «Рамазан керуені» қайырымдылық шарасы аясында имамдар 500 отбасыға көмек көрсетті. Сонымен қатар, Діни басқарма өкілдері мен елге танымал әншілер бірлесіп, екі көпбалалы отбасыға жаңа үйдің кілтін табыс етті. Солардың бірі - Сандуғаш Тұрманова.

20 жылдан бері шиеттей балаларымен пәтер жағалап, көшіп жүрген ананың мүшкіл жағдайы туралы біздің тілшілер сюжет дайындап, эфирден көрсеткенбіз. 9 құрсақ көтерген ана қасиетті айда сол ауыртпалықтардан құтылып, жомарт жандардың көмегімен баспаналы болды.

Орталық мешіт жанынан құрылған «Ықылас» қайырымдылық қорының тіркеуіндегі 600-ге жуық отбасы тегін азық-түлік алды. «Рамазан айының соңғы он күндігінде мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қуаныш сыйлау - азаматтық міндетіміз», - дейді имамдар.

Серікбай қажы Ораз, ҚМБД төрағасы, Бас мүфти:

- Қайырымдылық акциясындағы негізгі қаражат көзі бұл халқымыздың Рамазан айында берген пітір садақасынан, содан жасалынып жатқан қайырымдылық іс-шара. Бұл алдымыздағы айт күндері де жалғасын табады.

Қасиетті айда қайырлы істер көбейді. Дәл осы күні имамдар мен әншілер тізе қосып, екі көпбалалы отбасыны қуантты. Бас мүфти бастаған өнерпаздар баспаналардың иелеріне салтанатты түрде кілттерін табыс етті. Ал балаларға базарлық ретінде бағалы сыйлық пен ойыншықтар үлестірілді.

Мақпал Жүнісова, Халық әртісі:

- Бір үйде тоғыз бала екен, бір үйде бес бала екен. Сол шаңырақтағы біз жаңағы балалардың қолын алып, бетінен сүйіп жатырмыз ғой, ертең солардың ішінен қазақтың бетке ұстар ұл қыздары шығуына біз кәміл сенеміз. Ия, соған біз ниет қылып, тілек тілеп, келіп тұрмыз.

Сандуғаш Тұрманова - тоғыз баланың анасы. Талай жылдан бері пәтер жалдап, туысын сағалап жүрген. Былтыр біз осы көпбалалы отбасы туралы сюжет әзірлеп, көмекке зәру екендігін жеткізгенбіз. Содан кейін қайырымды жандар тегін жер телімін әперген.

Бірақ жолдасының күнделікті тапқан нәпақасы ас-ауқатқа, балалардың киіміне жетпегендіктен, үй сала алмады. Енді, міне, ізгі азаматтардың көмегімен баспаналы болды.

Сандуғаш Тұрманова, көпбалалы ана:

- Мына балаларымыздың қуанғаны - біздің қуанғанымыз. Оның үстіне бүгін мына қызымның да, төрт ұлдан кейін болған қызымның да туған күні. Ол қызым да қуанып жатыр. Көп рақмет сіздерге.

Имамдардың сөзінше, сауаптар еселеніп жазылатын Ораза айында қайырымдылық істер легі үзілмейді. Алдағы айт мерекесінде де осындай шарапаты мол шараны іске асырмақшы.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу