Елімізде бизнесті несиелендіру үлесі әлі де тиісті деңгейде емес. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев айтты. Өткен жылы жүргізілген сауықтыру шараларының нәтижесінде 3 трлн. теңгеден астам қаржы коммерциялық банктерге салынды. Дегенмен, несиелендіру көлемі жалпы ішкі өнімге шаққанда төмендеуде. Ал, жалпы экономиканы ілгері сүйреп келе жатқан қазақстандық бизнесмендердің жағдайы түзеліп келе жатыр. Құқығы тапталып, еңбегі қаналған кәсіпкерлердің шағымдарын бес жыл бойы жұмыс істеп жатқан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қарап, олардың оң шешімін табуына ықпал етіп келеді.
Заманның қалпын, базардың нарқын байқаған Жібек Құрман кәсібін шағын дүңгіршектен бастаған. Жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастағанына төрт жыл болыпты. «Елімізде кәсібімнің керегесін кеңейтем десем, барлық жағдай бар»,- дейді.
Кәсібіңді түзе, кәсіпкер. «Атамекенің» құрылғанына 5 жыл. Бес жыл аз емес, көп те емес. Осыдан 5 жыл бұрын бiз кәсiпкерлiктi нығайту үшiн өте маңызды заң жобасын қабылданды. Оған Мәжiлiс депутаттары, Мәжiлiстiң барлық фракциялары қатысты, үлкен үлес қосты. Әрине, оңай болған жоқ. Себебi, осы ұлттық палатаның маңызын түсiнбегендер де болды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «кәсіпкерлік палатасының құрылуы бизнесті кеңейтті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлерге қолдау көрсетті», - деді. Мәжiлiс төрағасының айтуынша, палата көздеген мақсатына жеттi. Ол тек ел iшiнде жетiстiктерге жетiп отырған жоқ. Қазiргi таңда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев оны халықаралық деңгейге шығарып отыр. Депутаттар «Атамекен» палатасымен және Президенттің бес әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыстарды жалғастырады. Палата құрылғалы бизнесті қорғау бойынша 24 мыңға жуық өтініш қарап, 111,3 млрд. теңге қорғалды.
Тимур Құлыбаев, «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы:
-Мемлекет басшысының қолдауын кәсіпкерлер күн сайын сезініп отырады. Қазір «Атамекеннің» алдында тұрған мәселелердің де ауқымы өзгеше. Көп сұрақтарды Үкіметтің, Парламенттің қолдау көрсеткенінің арқасында шештік. Қазір кәсіпкерлерді алаңдатқан мәселелер де басқа. Егер адамдарды ұзақ мерзімді қаржыландыру алаңдатса, бұл дегеніңіз олар жаңа кәсіпорындар ашып, ескілерін жаңғыртады деген сөз.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бүгін күн тәртібі де өзгерді. Жұмыстарды бастаған кезде кәсіпкерлерді басынушылықтан қорғасақ, қазір мүлдем басқа мәселе алаңдатады. Бұл ең алдымен Мемлекет басшысының саясаты мен еселі еңбегінің нәтижесі. Бұл - «Атамекеннің» қызметкерлерінің еңбегінің көрсеткіші.
Парламент Мәжілісі мен «Атамекеннің» бірлескен жұмысы жемісті болды. Салық Кодексі, Кеден Кодексі, жер қойнауын пайдалану туралы заңның да игілігі мол. Тек Кеден кодексіне 1000-нан астам түзету ұсынылып, 70 пайызы қолдау тапты. Бұл бірінше кезекте кәсіпкерлер үшін сансыз кедергілерді жояды.
Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Қазіргі таңда Мәжілістің жұмыс топтарына «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қатысуы үйреншікті жайтқа айналды. Мәжіліс депутаттары да палатаның жұмысына белсенді қатысады. Бұл әрине, маңызды шешімдерді қабылдау кезде бел ортасында жүріп қана қоймай, заңнамалық жұмыстардың сапасының артуына сеп болады.
Индира Бегайдар, тілші:
- «Алма піс, аузыма түс» дейтін заман өтті. Бұл орайда кәсіпкерлік палатасының кәсіпкерлерге деген қолдауы орасан. Тек былтыр Астанада 19 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.
Алайда, алаңдатқан, шешімін табуы тиіс мәселелер де бар. Банктердің несиелендіру шаралары тиісті деңгейде емес. Мәселен, бізде ЖІӨ-ге қарағанда несиелер үлесі 31 пайыз болған еді, ал, қазір 25 пайыздан кем. Құрылым материалдарының 60 пайызын шетелден алып келеміз. Өзгенікін таңсық, өзгенікін артық көргенше, отандық өндірісті жандандыру қажеттігі айтылды. Енді бұл мәселелерді депутаттар мен кәсіпкерлер бірлесе шешпек. Өйткені, кеңесіп пішкен тонның келте болмайтыны белгілі.
Индира БЕГАЙДАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.