Энергетика министрі үй қамаққа алынған орынбасарына қатысты пікір білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Энергетика министрі үй қамаққа алынған орынбасарына қатысты пікір білдірді

06.06.2018

Энергетика министрі үй қамаққа алынған орынбасарына қатысты пікірін айтып, журналистерге сұхбат берді. Қанат Бозымбаев Бақытжан Жақсалиевтің ұсталуы жаңсақтық болуын тілеп, үміт білдірді. Сондай-ақ, министр орынбасарын өз ісін жақсы меңгерген білікті маман ретінде бағалайтынын жеткізді. Айта кетейік, Энергетика вице-министрі өткен аптада үй қамаққа жабылды. Бұған дейін Бозымбаевтың тағы бір орынбасары ұсталған еді. Олардың екеуі де Щучинск-Бурабай аймағындағы көлдерді тазалау ісіне қатысты тергеуге алынды.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Еске сала кетейін, бұл жұмыс және мердігер мекемемен келісім 2013 жылы жасалған-тын. Ол кезде қоршаған ортаны қорғау бойынша басқа ведомство болды. Менің білуімше, Жақсалиевке қатысты жағдай 2015 жылы деп көрсетілген. Мен ол жылы мүлдем басқа жерде жұмыс істедім. Сондықтан, дәл бұл іске қатысты нақты бір жауап бере алмаймын. Оның үстіне, барлық құжаттар Ұлттық бюрода екенін ескеріңіздер. Өз басым бұл мәселеге байланысты өкінішімді білдіремін және де бір түсініспеушілік болып қалды ма деп үміттенемін.  

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу