Талдықорған қаласында осыдан үш жыл бұрын салынған тұрғын үйлер сапасыз болып шықты. Коттеджді қалашықтағы үйлердің қабырғасы қақырап, төбесінен су тамшылап тұр. Тұрғындар болса, баспананы Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы 20 жылға, несиеге рәсімдеген. Ал, құрылысқа жауапты компания бар жауапкершілікті мердігерге сілтейді.
Ерлан Аманбаевтың пәтерін жөндеп жатқанына бірнеше күн болды. «Ескі түсқағаздарды сырып тастағанда қабырғадағы сыратты көріп, абыржып қалдым», - дейді үй иесі. Екі қабырғаның түйіскен бұрышы жарылып, ажырап барады. Ал, баспана 2015 жылдың қараша айында пайдалануға берілген.
Ерлан Аманбаев, қала тұрғыны:
- Жер сілкінетіндей жағдай болатын болса, қабырға құлайды. Біз 2017 жылдың қаңтар айында 20 жылға ипотекаға алғанбыз. Айына 60 мың теңге төлейміз.
Коттеджді қалашықтағы 45 пәтердің де жағдайы осындай. Сылақтары опырылып жатыр, қабырғалары көгеріп, төбесінен су ағады. Ал, қыста жағдай тіпті қиын. Үй жылымайды, ыстық су мүлдем жоқ. Тұрғындар өз күштерімен су жылытатын қондырғыларды орнатып алған.
Нұрсағила Смағұлова, қала тұрғыны:
- Қопарылып түсіп жатыр. Үйді алғанымызға tr3-ақ жыл болды.
Бұл қалашыққа тапсырыс берген «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы. Мердігерді ашық байқау өткізу арқылы іріктеген. Корпорация өкілдері қабылдап алғанда тұрғын үй барлық талапқа сай болғанын алға тартады.
Айдар Ержомартов, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының департамент директоры:
- Мердігер компания Көкшетау қаласынан. Ашық конкурс арқылы жеңген компания. Көкшетау қаласына хат та жіберілді. Енді сол мердігер компания келіп, тұрғындарға барып6 тиісті шараларды жасаймыз.
Тұрғындар жергілікті биліктен көмек сұрап барғанмен, қолұшын созған ешкім жоқ. Жөндеу жұмыстарының да қашан жүзеге асатыны әзірге белгісіз. Шарасыз күйде қалған тұрғындарды мазалайтын мәселе бір бұл емес.
№13 шағын аудан Алматы-Талдықорған тас жолының бойында орналасқан. Республикалық маңызы бар даңғыл жолдың бойында ешқандай өткел қарастырылмаған. Тұрғындар жандарын шүберекке түйіп қалаға жету үшін осындай кедергілерді аттап өтеді. Халық ең алдымен мектепте оқитын балалары үшін қатты алаңдайды.
Дәл осы аумақта «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жаңа үйлер бой көтеруде. Бала-шағаның қауіпсіздіздігіне алаңдаған көпшілік мәселенің біржақты шешілетініне үмітті.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ