Павлодар іргесінде бағдарлама бойынша келгендерге салынған үйлер сапасыз болып шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар іргесінде бағдарлама бойынша келгендерге салынған үйлер сапасыз болып шықты

04.08.2023

Павлодар қаласының дәл іргесінде «Еңбек» және «Ішкі көші-қон» бағдарламасы бойынша келгендерге арнайы салынған мөлтекаудан үйлері сапасыз болып шықты. Жайлы қоныс, тұрақты жұмыс іздеп келіп, өкпесі қара қазандай болған тұрғындар кері көшіп кетуді де ойлап отыр. Себебі қыстап шығу қиын болады дейді.

Қос пәтерлі мына 22 үйге былтыр 44 отбасы көшіп келді. Көбі оңтүстік аймақтардан. Павлодардың дәл іргесінен баспана алдық. Жеміс егіп, мал асыраймыз деген тұрғындардың қуанышы қыс келісімен су сепкендей басылды. Көмірді қанша төксе де, үй жылынбайды.

Динара Сайдуллаева, Кенжекөл ауылының тұрғыны:

Бұл жерде қыста көп аналар тұра алған жоқ. Балалар, бөпелер суықтан пневмониямен ауырды. Сондықтан мәжбүрлі түрде қаладан пәтер жалдап кетуге мәжбүр болдық. Көктем шыққанға дейін.

Мемлекеттік бағдарлама өте жақсы жасалған. Бұл үйлер негізінен көп балалы отбасыларға берілді. Шаруашылық жүргізуге қолайлы деген жоспармен. Бірақ баспана деген аты ғана ,- дейді Алмагүл Балғымбаева. Сылағы түсіп, жел үрлесе, өзіміз-ақ жөндеп аламыз. Бірақ іргетасынан су кетіп, құлағалы тұрғаны қорқынышты дейді ол.

Алмагүл Балғымбаева, Кенжекөл ауылының тұрғыны:

Кәріз жердің астына емес, фундаменттің астына кетіп бара жатыр. Түгел суымыз сасық, терезені аша алмаймыз. Электр сымдарынан тоқ соғады. Балаларымыз қорқады.

Әкімшілік үйлердің сапасыз екенін біледі. Бірақ құрылысты жүргізген компания баспаналарды мемлекетке сатып жіберіп, өздері де таптырмай жоқ болған. Сондықтан барлық үйді бір мезгілде жөндеп беру үшін бюджеттен қаржы бөлмек.

Арман Асылханов, қалалық Құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

Осы айда сараптама жасаумен айналысатын мекемелерді шақырып, бұл үйлерге күрделі жөндеу немесе біртіндеп жөндеу жүргізу қажет пе екендігін нақты анықтаймыз. Содан кейін қаржы бөлу мәселесі қаралады. Әрине тұрғындарға көмек жасалады.

«Жұмыс бар. Үй жайлы болса , осы жаққа бауыр басып қалар едік. Балалар үйреніп қалды» - дейді өзге өңірлерден қоныс аударған ағайын.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу