Өйткені, соңғы кездері терезеден құлау, тоққа соғылу сынды жағдайлар жиілеп тұр. Бұл туралы бүгін Мәжіліс отырысында Балалар құқығы жөніндегі уәкіл, депутат Зағипа Балиева мәлімдеді.
Бүгінгі отырыс өзгеше өтті. Өйткені, Мәжіліс залына осыдан біршама уақыт бұрын өз өмірімен қоштасқысы келген қыз келді. Кәмелет жасқа толмаған бойжеткеннің 5 жыл бұрын ата-анасы қайтыс болған. Кейін ол өмірден бас тарқысы келіпті. Алайда, 111 байланыс нөміріне хабарласып, психологтардың арқасында дер кезінде теріс ойынан арылған.
Кәмелет жасқа толмаған бойжеткен:
- Жалғызсырап жүрдім. Суицид туралы көп ойладым. Сосын интернеттен ол туралы түрлі ақпарат тауып алдым. Кейін мектепте 111 сенім телефоны туралы мәлімет айтылды, оларға хабарласып көруді шештім. Артынша, психологтармен жұмыс істеп, жаман ойдан арылдым. Өмірімді құтқарып қалған жандарға алғысым шексіз.
Былтыр елімізде 136 бала өз-өзіне қол жұмсаған. Алайда, осы 111 сенім телефонының арқасында өзге 104 бала аман қалды. Зағипа Балиева балалардың құқығына қатысты өзге де мәселелермен бөлісті. Алдағы уақытта Қазақстанда балалардың қылмыстық ісін қарайтын арнайы судьялар, прокурорлар мен тергеушілер пайда болады. Мұндай мамандарды жоғарғы оқу орындарында дайындайды.
Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бала мен ересек адам – екеуі екі түрлі субъект. Сондықтан, балалардың ісін қарайтын мамандар бөлек болуы керек. Жалпы, кәмелетке толмағандардың зорлық-зомбылыққа ұшырау проблемасы бүкіл әлемде өткір тұр. Мәселен, Норвегияда 2015 жылы жолдар мен ауруханаларда бірде-бір бала өлмеген, бірде-бір бала жәбір көрмепті. Қазақстан да осы мемлекет сияқты елге айналуға ниетті.
Жиында 12 жасқа толмаған балаларын үйде қараусыз қалдырған ата-аналарды жазалау қажеттілігі де сөз боды. Бүгінде жұмыс тобы бұл туралы норманы әзірлеуге кіріскен. Сондай-ақ, бала өміріне қатысты оң ақпарат та айтылды. Соңғы 10 жылда балалар арасындағы өлім-жітім саны айтарлықтай азайған.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ