Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Атырау өңірінде 1,4 триллион теңгені құрайты 34 инвестициялық жоба қолға алынып отыр. Күні бүгінге дейін олардың жиырма жетісі іске қосылды. Бесеуінің құрылысы осы жылы аяқталады.
Ал қалған екі кешен республикалық карта шеңберіне енген. 1,3 триллион теңгеге бағаланған бұл нысандардың құрылысы басталып та кетті. Облыста инвестициялық жобалар толықтай пайдалануға берілген кезде, 4 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Құлсары қаласында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген үш жоба болса, солардың бірі - металл өнімдерін өндіретін «Металл продукт» зауыты. 2007 жылы пайдалануға беріліп, 2011 жылы толық қуатымен жұмыс істей бастаған кәсіпорын метал өнімдерінің 4 түрін дайындайды. Жылына отыз мың тонна өнім шығарады.
Батырбек Қуандықұлы, тілші:
Еліміздің батыс бөлігінде осындай металл өнімдерін шығаратын бірнеше зауыт бар. Алайда, жұмыс істеп тұрғаны осы кәсіпорын ғана.
Зауытта жүз шақты жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Өндіріске қосымша жаңа шетелдік технологиялар әкелінуіне орай олардың қатары тағы да арта түспекші. Әрине мұның өзі металға деген сұраныстың артқандығын айғақтайды.
Бауыржан Сұлтанов, зауыт директоры:
Орталық Азияға, көршілес Ресей және Еуропаға да жібере аламыз. Оған сәйкестік сертификатымыз жүз пайыз дайын. Қазір, сұраныс жасап отырған отызға жуық компания бар.
Атырау облысында 2010 жылы құны 31,5 миллиард теңге болатын 7 жоба іске қосылды. 2011 жылы 10,6 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба пайдалануға берілді. 2012 жылы 15,1 миллиард теңгеге 4 жоба жүзеге асырылып, жұмыс істей бастады. 2013 жылы 10,6 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылды. Ал 2014 жылы құны 15,5 миллиард теңге болатын 5 жоба қолға алынуда.
Гүлфайруз Маратова, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы:
Сонымен қатар, картаны маңыздандыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне 14 инвестициялық жоба бойынша құжаттар жолданып, осы жобаларды қосу жоспарланып отыр.
Атырауда индустрияландыру картасы шеңберінде іске қосылған инвестициялық жобалардың нәтижесінде өткен жылы 10 миллиард теңгеден астам өнім өндірілді. Алдағы уақытта мұндай нысандар қатары арта бермекші. Демек, облыстың экономикасы өсіп, аймақтың өндірістік қуаты күшейе түсетін болады.
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ