Қазақ-қырғыз ынтымақтастығы нығая түспек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-қырғыз ынтымақтастығы нығая түспек

28.05.2018

Қырғызстанмен арадағы байланыс одан әрі нығая түспек. Әсіресе, туризмді түлетіп, кәсіпкерлікті жандандыруға басымдық беріледі.Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдері екі ел арасында еркін тасымалданып, сауда-саттық көлемі артады. Бүгін Жамбыл облысы мен қырғыздың Талас облыстарының басшылары ортақ меморандумға қол қойды.

Ала жаздай айыр қалпақты ағайынға бір үміт, бір күдікпен қарайтын жамбылдық шаруалар биыл ағын судан тарықпайды. Келісілген кесте бойынша қажетті су мөлшерімен беріліп отырады. Шекаралас екі облыста туризмді дамытуға да мүмкіндік мол. Жаңа туристік бағыттар ашылып, бірлескен іс-шаралар легі артады. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық, әлеуметтік-мәдени қарым-қатынастың жемісті нәтижесі – кезекті меморандум. 

Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының әкімі:

- Біздің де ұсынатын жақсы жоспарларымыз бар. Бүгінгі кездесу, қол қойылып отырған құжаттар жалпы екі ел арасындағы қарым-қатынасты бұдан да ары дамытуға өзінің үлесін қосады деген сеніміміз бар.

Іргелес жатқан екі өңір тек туризм емес, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында да серіктестікті жаңа белеске көтеруге ниетті. Енді, бидай мен ұн, ет-сүт, жеміс-көкөніс өнімдерін ешбір кедергісіз импорттау ісін жолға қойып, тауар айналымын арттыру жоспарланып отыр.  

Іскерлік жиыннан соң делегаттар «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніне  экскурсия жасады. Екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған іс-шара өнер шеберлерінің шығармашылық концертімен  қорытындыланды. 

Г.ҚАЙРАТҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу