Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдердің аймағында заңсыз тауар мен ақша тасымалдау әрекеттері азаймай тұр. Сондықтан, аталған мемлекеттердің кеден қызметкерлері Алматыда жиналды. Олар ортақ қауіппен бірігіп күресудің тетіктерін талқылады. Экономикалық қылмыстар мен кеден саласындағы құқықбұзушылыққа қарсы іс-қимыл түрлерін жетілдіру мәселелерін пысықтады.
Халықаралық жиынға келген жауапты мамандар ТМД аймағында заңсыз тауар тасымалына қарсы жүргізілген кедендік операциялардың нәтижелерін жеткізді. Мәселен, 2017 жылы 3500 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде 8 тоннадан астам есірткі өнімдерін тасымалдау әрекеттері тіркелген. Әзірбайжан аймағында 90 келі героин, Беларусьте 307 келі, Ресейде 250 келі гашишті тәркілеу сияқты ірі операциялар өткен. «Осындай көп көлемдегі көлеңкелі бизнеске жол бермеу үшін кеден қызметін жетілдіру қажет», - дейді сарапшылар.
Анатолий Серышев, Ресей Федерациясы Федералды кеден қызметі жетекшісінің орынбасары:
- Бізде күн тәртібінде 12 мәселе бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы - кеден қызметінің тиімділігін көтеру. Кедендік бақылаудың жылдамдығын арттырып, заңсыздықты анықтаудағы дәлдігін дамыту қажет. Сондай-ақ, кеден бекеттеріндегі жемқорлыққа тосқауыл қою керек. Осы мақсатта қазір 6 жұмыс тобы құрылып, іске кірісті.
Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес қимылдары Қазақстан аймағында да нәтижелі жүріп жатыр. Әсіресе, біздің елде заңсыз ақша тасымалының тоқтайтын түрі жоқ. Мысалы, өткен аптада «Дубай-Алматы» әуе рейсіндегі жолаушылардың қол жүгін бақылау кезінде Канада азаматы ұсталған. Ол жалпы құны 28 млн. 500 мың теңгені ешқандай кедендік рәсімдеусіз шекарадан алып өтпек болған. Бірақ, кеденшілердің жедел әрекетінің нәтижесінде ұсталды.
Гүлнар Қыдыралиева, қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хатшысы:
- Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері ағымдағы жылдың басынан бастап 21 факті тәркілеген болатын. Оның ішінде 310 мыңнан жоғары АҚШ доллары, 119 мың еуро және 34 мың қытай юаны. Бүгінгі күнде 273 мың теңге тәркіленіп отыр.
Кеден қызметкерлері жолаушылардың ақшасы 10 мың АҚШ долларынан асса, оған декларация толтырып, есеп берілуі керектігін ескертті. Ал, мамандар шекарадағы заңсыз тауар мен ақша тасымалының алдын алу үшін «Біркелкі қадам» құжатын қабылдады. Соның негізінде әр мемлекет кеден кеңістігінде контрабандаға қарсы күрес бойынша кеден қызметінің әрекетін бір-біріне үйлестірмек.
Аманкелді СЕЙТХАН