Шығыс Қазақстан облысы Ресейге арматура экспорттайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысы Ресейге арматура экспорттайды

17.04.2014
Шығыс Қазақстан облысы Ресейге арматура экспорттайды
Шығыс Қазақстан облысы  Ресейге арматура, тұрғын үй кластері мен жол инфрақұрылымына қажетті өнімдерді экспорттайды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, арматура зауытының өнімдері  көрші елдің мұнай және газ саласында кеңінен қолданылады.
 
Өткен жылдың өзінде бұл зауыттың Ресеймен арадағы тауар айналымы 3 миллиард теңгеге жуықтаған. Осылайша, интеграция мен сыртқы экономикалық байланыстарды нығайту Шығыс Қазақстан облысы дамуының басым бағыты болып отыр.
 
Шығыс Қазақстан облысы және Еуразиялық интеграция. Бүгінгі брифингтің бас тақырыбы осы. Әсілінде, шығыстықтардың үштік одақтан ұтары көп. Өйткені, Ресеймен арадағы шекара 840 шақырымға созылып жатыр. Осыны тиімді пайдаланған облыс билігі өткен жылды жоғарғы көрсеткіштермен аяқтады.
 
2013 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 27 пайызға ұлғайып, 268 миллиард теңгені құрады. Экспорт 60 пайыз, импорт 40 пайыз деңгейінде болды.
 
Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Ауыл шаруашылығында қарым-қатынас жақсы. Әсірес, мал алу. Тек қана өткен жылы ақ басты сиырлардың  1152-ін Ресейден сатып алдық.
 
2017 жылы Шығыс Қазақстанда 60 мың жеңіл көлік құрастырылады. Мұны «АзияАвто» ресейлік «АвтоВаз» кәсіпорнымен бірлесіп жүзеге асырады. Толық циклды автозауыттың құрылысы басталып та кетті. Құны 500 миллион доллар болатын жобаның арқасында елдегі жалпы ішкі өнім 1,8 миллиард АҚШ долларына ұлғаяды.
 
Константин Аксенов, «Азия Авто» АҚ директорлар кеңесі төрағасының орынбасары:
Жобаның бірінші кезеңі 2017 жылы аяқталады. Ал екінші кезеңде зауыттың жобалық жылдық қуаты 120 мың көлікке жеткізіледі. Мемлекетаралық келісімнің аясында зауыт өнімінің 50 пайызы Ресейдің Сібір және Қиыр Шығыс федеральдық округтерінде сатылатын болады. Сонымен қатар Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түркіменстан елдеріне де шығарылады.
 
Енді облыстың Беларусь Республикасымен байланысы жайында. Өткен жылы тауар айналымы еселеп артып, 62 миллиард теңгені құрады. Сондай-ақ, осы елмен бірігіп, 1500 трактор шығарды. Алда бірлескен жоба-жоспарлары тағы бар.
 
Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Беларусь елімен сүт өндіретін ортақ кәсіпорын аштық. ТМД елдері бойынша ең көп сүт өндіретін ел. Бізге бұл елдің технологиясын орнату тиімді. 
 
Бүгінде облыста Ресей және Беларус Республикасымен бірлескен 250 кәсіпорын бар. Өңірдің экономикасын алға сүйреуші локомотив осы кәсіпорындар. Интеграцияның игілін тұтас шығыс халқы көріп отыр.
 
 
 
Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу