Алматыда «Еуразия бизнес форумы - 2014» басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Еуразия бизнес форумы - 2014» басталды

17.04.2014
Алматыда «Еуразия бизнес форумы - 2014» басталды
Бүгін Алматыда тұңғыш рет «Еуразия бизнес форумы – 2014» басталды. Кәсіпкерлерді қолдау, қорғау және отандық бизнесті дамытуға бағытталған бас қосу экономиканың он екі секторын қамтып отыр. Оған отандық кәсіпкерлермен қатар, шетелдің белгілі өндіріс компанияларынан келген 500 делегат қатысуда.
 
Шағын және орта бизнестің аясын кеңейту, сонымен қатар ел экономикасының басты секторларына шетелдік инвестицияларды тарту. Форумда осы мәселелер талқыға түсуде.
 
Бизнестері ілгері басқан шетелдердің тәжірибелері тыңдалып, өзімізде бар беткеұстар дүниелер қонақтар назарына қойылды. Еуразия одағына кіріп жатсақ экономикамызда болатын оң өзгерістер де айтылды.
 
Кәсіпкерлердің тынысын кеңейту үшін қазір Әділет министрлігі Кәсіпкерлік кодексін әзірлеу үстінде. Онда әсіресе, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу жүйесіне баса көңіл бөлінбек. 
 
Алматыда екі күн бойы өтетін форум 21-23- мамыр аралығында елордада «Астана экономикалық форумы» аясында жалғасатын болады.
 
Берік Имашев, ҚР Әділет министрі:
Кәсіпкерлік кодексі бизнес саласындағы әкімшілік кедергілердің өсуіне қарсы заңдық тосқауылға айналуы тиіс. Сонымен қатар, ол Қазақстан және шет мемлекеттердің кәсіпкерлік қызметті реттеу саласындағы ең үздік тәжірибелерін қамтитын болады.
 
 
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу