2019 жылдың қаңтарынан бастап елімізде тіркеуден өткізілмеген ұялы телефондарға қызмет көрсетілмейді - Дәурен Абаев

16.05.2018

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде тіркеуден өткізілмеген ұялы телефондарға қызмет көрсетілмейді. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі халыққа есеп беру барысында мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, бұл қадам телефон ұрлығын айтарлықтай төмендетеді. Сондықтан, әрбір азамат осы жылдың соңына дейін абоненттік орталықтарға барып, аппараттың  IMEI-кодымен бірге жеке сәйкестендіру нөмірін тіркеулері қажет. Мұндай тәжірибені бұған дейін Түркия, Ұлыбритания, Әзірбайжан және Украина сияқты елдер енгізіп, оң нәтижеге қол жеткізген.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Осыдан екі жыл бұрын ұялы телефондарды тіркеудің жаңа ережелері қабылданған болатын. Содан бері арнайы ақпараттық жүйе әзірленді. Оны іске асырудың арқасында ұялы телефондардың ұрлығын айтарлықтай азайтуға болады. Себебі, Ішкі істер органдары ұрланған телефонды IMEI-код арқылы бірден бұғаттай алады. Біз аталған жұмысты барынша оңтайландыруға тырысамыз. Мысалы, абонентке SMS-xабарлама келеді. Ол өз келісімін берсе болды. Ал, ол жағынан қиындықтар болса, жақын жердегі ұялы байланыс кеңсесіне бару қажет. Сосын онлайн тіркеу қызметін де іске қосуды жоспарлап отырмыз. Меніңше, жылдың аяғына дейін бәрін ойдағыдай шешеміз.

Сондай-ақ, жиында Дәурен Абаев 2018 жылдың соңына дейін Маңғыстау, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары толығымен цифрлық телерадио xабар тарату жүйесіне көшетіндігін айтты. Еліміздің өзге аймақтары жаңа жүйеге 2020 жылдың соңына дейін ауысады. Сонымен қатар, министр «Отау ТВ» отандық спутниктік операторын дамыту мақсатында жаңа «Отау плюс» ақылы пакетін іске қосуды жоспарлап отыр. Оның құрамында шетелдік түрлі жанрдағы танымал 14 телеарна болады. «Отау плюс» үшін абонент айына 500 теңге төлейді.

Бақытжан ОМАР

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу