Тұраш Көптілеуов: Отанды қорғауыма майданнан алған жарақатым кедергі болмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұраш Көптілеуов: Отанды қорғауыма майданнан алған жарақатым кедергі болмады

10.05.2018

«Отанды қорғауыма майданнан алған жарақатым да кедергі болмады». Бұл - Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан атыраулық ардагердің ерлікке толы әңгімесінен үзінді.  375-ші атқыштар полкінде борышын өтеген жауынгер бірінші белорустық фронтта болып, Берлинді алуға үлесін қосқан.

1944 жылы кескілескен  ұрыс даласына кірген Тұраш Көптілеуов - Отан үшін от кешкен сарбаздың бірі. Ардагер сол бір қасіретті кезеңнен естелік айтқанда, төбе құйқаң шымырлап қоя береді. Соғыстың дәмін татқан ол 1945 жылдың 28 сәуір күні жарақат алып, бір ажалдан аман қалады.

Тұраш Көптілеуов, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері:

- Жан-жағыма қараймын, есімнен танып қалыппын. Оқ басыма тиген. Төбемде ойық бар.

Аурухана төсегінде 1 ай жатқан ол кейін майдан алаңына қосылып, жеңіс таңын қаруластарымен қарсы алған.

Тұраш Көптілеуов, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері:

- Госпитальдағы жігіттердің барлығы сыртқа жүгіріп шықтық. Соғыс жоқ енді, бітті деп. Жастарға айтатыным, заман жақсы болса, бәрі де жақсы болады.

Даңқты жауынгер соғыстан кейін Белоруссияның Полоцк қаласында станца Барабуха 01667 әскери бөлімшесінде борышын өтейді. Елге оралған соң Тұраш Көптілеуов мұнай саласында қалтқысыз еңбек еткен.

Замырат Шамаров,  зейнеткер: 

- Тұраш ағамызды соғыстан аман-есен оралып, геология саласына жұмысқа келгеннен бері танимыз. «Соғыста болдым, еңбегім бар», деп кеуде соқпаған адам.

93 жасқа қараған ардагер бейбіт елдің амандығын тілейді. Өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алып, Отанға адал қызмет еткенін қалайды.

Жандос Темірғалиев, тілші: 

- Бүгінде Атырау атырабында соғысқа қатысқан көзі тірі бар-жоғы 30 ардагер ғана. Ал, 9 майдангер Кеңес Одағының батыры атағын алған. «Қазақтың қанатты қызы» атанған Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың орны бөлек. 300-ден астам əуе шайқасына қатысқан батыр қыздың мүсіні Атырау төрінде ерлік пен даңқтың нышаны болып тұр.

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу