«Нұр Отан» партиясы «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» акциясын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясы «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» акциясын бастады

09.05.2018

«Ерлік ешқашан ұмытылмайды». Осындай атаумен «Нұр Отан» партиясы республикалық акцияны бастады. Отан үшін жан қиып, ерлік жасаған кейбір бабаларымыздың жанқиярлық ерлігі еленбей қалғаны жасырын емес. Қазақ еліне үлкен зобалаң әкелген бұл зұлмат талай отбасын шарпыды. Сондықтан да, қазақ тарихшылары Ресей мұрағатында сақтаулы деректерді зерттеу жұмыстарын әлі де жалғастырып келеді. Жетекші партия өкілдері Сол есімдерді анықтап, рухына тағзым етіп, туыстарына барды.

Ел басына күн туған сәтте өз еркімен майданға аттанған қыздардың бірі - Екатерина ПИсарева. Ол 16 жасынан бастап әскери госпитальде жұмыс істеді. Ерлермен бірге жаһандық шайқастың барлық ауыртпалығын көрді. Ақ шашты ана ерекше құрметке бөленді. Ал, Сейілбек Усин бүгін Жеңістің 73-ші көктемін қарсы алды. Оны 1939 жылы әскерде борышын өтеп жүрген жерінен майданға алып кетеді. Соғыста батылдық танытып, Берлинді алуға қатысқан. Ардагерлерді бұл ерекше күні «Нұр Отан» партиясы назардан қалдырмады.

Сейілбек Усин, соғыс ардагері:

Ол - белдескеннің белін сындырды. Ол - тірескеннің тізесін бүктірді. Ол - Отан үшін отқа түсті. Бірақ, оның ерлігі кезінде еленбей қалды. Оған Кеңес Одағының батыры атағы берілуі керек еді. Ол - Аманша Мендіғалиев. Жеңіс күні «Нұр Отан» партиясы тарланның ерлігін ескерді, руғына тағзым етті. Марқұм Аманша атаның ұлы Асылбек Мендіғалиевтың отбасына барды.

Сұрапыл соғыста құралайды көзге атқан жауынгер ұрыс даласының ұранына айналды. 300-ге жуық жауды жайратып, ерлікті көрсеткен оның есімі талай адамның рухын көтерді. Ыбырайым Сүлейменов Кеңес Одағына белгілі сұрмерген атанса да, қан майданда қаза тапқан батырға лайықты атақ берілмеді. Бүгінде батыр атымен мектептер мен көшелер аталды, ескертікштер орнатылды. Тарих оның кім екенін дәлелдеді.

Жұмашевтар отбасынан 11 азамат майданға аттанып, оның бесеуі ұрыс даласында опат болған. Солардың бірі жоғалып, табылған батыр Жәміл Жұмашев. Жылдар бойы атасын іздеген ұрпақтары ғаламтор арқылы КСРО Қарулы Күштері мұрағатынан 2015 жылы ғана жаңа дерек тауыпты. Онда гвардия аға сержанты Жәміл Жұмашевтың Берлинді алудағы қаһармандығы үшін КСРО Батыры атағына ұсынылғаны туралы армия штабының бұйрығы бар екен. Өкінішке қарай, Жәміл Жұмашев оны білместен 1945 жылы 27 сәуірде қаза тапқан. Елге «қара қағаз» келгенімен, оның ерен ерлікжасағаны туралы хабар туыстарына жетпепті.

«Қазақ жаудан жеңілген емес». Осылай деп атойлап, бір ұрыста 150-ден астам неміс пен 7 дзотты талқандаған Исатай Сүйеубаевтың ерлігін келер ұрпақ білу керек. Исатайдың батырлығы сол кездегі армия генералдарын да таң қалдырыпты. Тіпті оның қан майдандағы ерлігін баяндап,  Гурьев облыстық партия комитетіне хат жолданған.

Жаннұр Алынова, оқушы:

- Бұл батырдың өр мінездігіне таң қалдым. Бұл кісінің бойында Тоқтамыс батырдың қаны бар.

Өмір мен өлім белдескен сәтте ұрыс даласында қайсарлық танытқан Қасым Ахметов. 244-атқыштар полкі құрылғаннан бастап барлық ұрыстарға қатысқан оның жерленген жерін туыстары да білмеді. Қасымның тобы қайсарлық танытып, 3 сағатқа созылған шайқаста жаудың 6 рет жасаған шабуылына төтеп берген. Үш күн бойы кескілескен ұрыста 100-ден аса фашист әскерінің көзі жойылған. Қасым Ахметов  Кеңес Одағының батыры атағына әбден лайық. Партия өкілдері батырдың отбасына барды.

Бағаланбай қалған жауынгерлердің бірі Сембай Қалиев. Соғыс кезінде зеңбірек командирі болды. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін 10-шы гвардиялық артполкінің командованиесі 1945 жылдың қаңтар айында оны Кеңес одағының батыры атағына ұсынған. Белгісіз себептермен батыр атағы берілмей қалған.

Осыдан үш жыл бұрын ерлігі ескерусіз қалған батырларымыз туралы кітап шыққан еді. Оның авторы тарихшы Берік Әбдіғалиұлы. Бұл жинақта сөз қозғалатын батырлардың есімі жалпақ жұртқа мәлім емес. Олардың атымен аталған көше немесе мектептер жоқ.

Берік Әбдіғалиұлы, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы:

- Қазір іздеу жұмыстары кеңейтілгеннен 117 ге жетті. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен жергілікті әкімдіктерге солардың ерліктерін елге айтқызып жеткізу. Кейбірінің ұрпақтары да білмейді. Кеңес Одағының батыры болып ала алмағаны әділестіздік. Сондықтан, біз үшін тарихи әділеттілікті қалыпқа келтіру.

3 жылдың ішінде 100-ден астам есім анықталды. Бірақ, бұл жұмыстар тоқтап қалмайды. Кітаптың электронды нұсқасы сайттарға шығады. Жинақ қазақ тіліне аударылады, кеңейтілген нұсқасы жарық көреді. Жуырда ғана тағы да төрт батыр анықталды. Оқ борап тұрған пулеметке кеудесін тосқан олардың қаһармандардың аңызға айналуы тиіс еді. Тым болмағанда келер ұрпақ есімдерін білу керек деп есептейміз.

Қаһармандардың есімін жаңғырту – бүгінгі ұрпақ үшін парыз. Өлгенді тірілтіп, өшкенді жандырмаса да балалар ерлігі бізге мұра. «Нұр Отан» партиясы осы игілікті істі әрі қарай да жалғастыра береді. Батыр ардагер аталарымызға қатысты құжат, дерек болса,  партияға жолдасаңыздар болады. Себебі, ерлік ешқашан ұмытылмайды.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу