Испаниялық туристер Мадридтен Астанаға мотоциклмен саяхаттамақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Испаниялық туристер Мадридтен Астанаға мотоциклмен саяхаттамақ

03.05.2018

Мотошабандоздар Мадридте ашылған «Астана-ұлы даланың інжу-маржаны» көрмесін көргеннен кейін осындай шешім қабылдапты. ҚР Тұңғыш Президенті қоры мен еліміздің Испаниядағы елшілігі көрмені Елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырды. Испандықтар мен осы елдегі саяхатшылар қысқа мерзімде бой көтеріп, бүгінде әлемге танылған Астананың сәулетіне тәнті. 

Шатыр пішіндес әлемдегі ең биік ғимарат ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген - «Хан Шатыр», жаһандағы 10 көрікті президент сарайының бірі - «Ақорда». «ЭКСПО-2017»-нің басты павильоны, әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат - «Нұр-Әлем». Көрмеге қойылған 100-ге жуық сурет сұлулығымен бірінен-бірі өтеді. Карлос де Амберес қорының ғимаратында ашылған көрме артынша Дүниежүзілік туристік ұйымның штаб-пәтеріне ауыстырылды. 

Бақыт Дүйсенбаев, (2012-2018 жж) ҚР Испаниядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Көрме Испания қоғам қайраткерлерінің, халқының қатты қызығушылығын туғызды. Сондықтан, көрме БҰҰ жүйесіне кіретін Халықаралық туристік агенттік ғимаратына да қойылды. Халықаралық деңгейдегі шара екі елдің достығын одан сайын арттырады деген сенімдеміз.

Изабель Гаранья, Дүниежүзілік туристік ұйымның Еуропа үшін аймақтық директоры:  

- Астана-болашақтың қаласы. Мұны Президенттеріңіз үнемі айтады. Біз былтыр «ЭКСПО» көрмесінің ашылуына барғанда оған көз жеткіздік. Әлемдегі ең жас елорданың әсемдігі ғажап. Көрмені біздің ұйымда өткізуге сенім білдіргендеріңізге қуаныштымыз. Ұйымға мүше елдердің делегаттары көріп, шаһардың сұлулығына қызығып жатыр.

«Қазақстанның астанасы жайлы көп естігенше, бір көрген артық». Осыны айтқан Дүниежүзілік туристік ұйымның қос қызметкері Игнасио мен Антонио елордаға мотоциклмен баруға дайындалып жатыр. «Суреттегі мешітке кіріп, тілек тілеп, әсем қаланы «Бәйтеректің» төбесінен көрсек»,- дейді.  

Антонио Гарсиа Медрано, Дүниежүзілік туристік ұйымның қызметкері:

- Қазақстан-жер аумағы жағынан әлемде 9-шы орынды иемденген байтақ ел. Қазақ халқы өте қонақжай халық екенін барлығы айтады. Соны өзіміз барып көргіміз келеді, халықтың тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетімен жақынырақ танысқымыз келеді. Былтыр Африка елдеріне барғанбыз. Биылғы еңбек демалысымыз осы сапарға арналады.

Игнасио Арасил Арконада, Дүниежүзілік туристік ұйымның қызметкері:

- Біз Астанадан бөлек, Қазақстанның өзге де көрікті жерлерін көргіміз келеді. Табиғатын тамашалап, ескерткіштерінің тарихына қанықсақ дейміз. Қазір ғаламтордан қай аймақта ақылы жолдар барын қарап, зерттеп жатырмыз.

Мотошабандоздар сапарға шілденің соңында Мадридтен аттанады. Испания, Италия, Грекия, Түркия, Грузия, Өзбекстан арқылы 20 күн жол жүріп, тамыздың ортасында Астанаға жетуді жоспарлап отыр. Сапардан алған әсерлері жайлы жиһанкездер арнайы кітап басып шығармақ.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу