Бүгін, Астанада «Қазақстан-Бахрейн: Стратегиялық әріптестік» атты бизнес-форум өтті. Алқалы жиында екі елдің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, бірлескен жобаларды жүзеге асырудың тиімді тетіктері қарастырылды.
Мәселен, Қазақстан Бахрейннiң көмегiмен Павлодарда алюминий өңдейтiн арнайы аймақ құруға мүдделi. Бахрейнде жылына 800 мың тоннадан астам алюминий өңделеді. Ал, бізде - 25 мың тонна. Бірақ жылына 500 мың тонна алюминий өңдеуге қауқарымыз бар.
Сондықтан, осы салада жүйелі жұмыс атқарылмақ. Келіссөздердің нәтижесінде, Бахрейн ұлттық компаниясы ««Mumtalakat»» пен біздің «Бәйтерек» және «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниялары арасында әрiптестiк орнату жөнiнде келiсiмге қол қойылды.
Халид Әл Мойед, Бахрейн Корольдігі Сауда өнеркәсіп палатасының төрағасы:
Біз сауда палаталарымыз арқылы достық қатынастағы екі елдің дамуына өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Бұл ретте исламдық банк жүйесіндегі Қазақстанмен байланыс маңызды. Менің ойымша, осының өзі Қазақстан мен Бахрейн арасындағы ынтымақтастықтың бастауы бола алады. Бұл ретте біздің осы саладағы дайын инфрақұрылым да Қазақстанға біршама басымдықта болуға септігін тигізеді деп ойлаймын.
Әсет Исекешев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрi:
Бiз екi ел арасындағы қарым-қатынастарды сапалы деңгейге шығаруды мақсат етiп отырмыз. Әсiресе, инвестиция мен өнеркәсiптiк байланыстар бағытында. Сонымен қатар, серiктестiгiмiздiң аясын кеңейтудiң жолдарын талқылауымыз шарт. Әрiптестiктiң әлеуетi жоғары тұстары бар. Бахрейнде мұнай өңдеу, сонымен қатар, қаржылық сала жақсы дамыған.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ