Жалған құжаттар үшін оқудан шығарылған Астана медициналық университетінің студенттері сотқа жүгінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалған құжаттар үшін оқудан шығарылған Астана медициналық университетінің студенттері сотқа жүгінді

25.04.2018

Бұл туралы журналистерге еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді. Айта кетейік, бұл жоғары оқу орнында 117 студент IELTS сертификатының жалған нұсқасын ұсынғаны анықталды. Министрдің айтуынша, 2017 жылы Астана медициналық университетін тексеру барысында кей студенттердің магистратураға түсу үшін тапсырған  сертификаттары IELTS базасында тіркелмеген болып шыққан. Сол себепті, ол студенттерді оқудан шығару туралы шешім қабылданған. Қазір олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұған келіспеген студенттердің кейбірі сотқа жүгінбекші. Сондай-ақ, осы оқиғадан кейін Білім және ғылым министрлігі барлық университеттерге магистратураға түсер кезде үміткерлер ұсынатын «TOEFL» мен «IELTS» сертификаттарын бірыңғай базадан тексеруді міндеттемекші. Ал, шу шыққан Астана медициналық университетіне қатысты шара қолданыла ма, жоқ па тексеріс аяқталған соң белгілі болмақ.  

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Университет Денсаулық сақтау министрлігіне қарайды. Денсаулық сақтау министрлігімен ақылдасып, университет білді ме, жоқ па соны қарастырып, оны неге жасап отыр, оның бәрін түсініп, нақты шешім қабылданады.

Ал, Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру талаптары биыл айтарлықтай өзгермейді. Алайда, емтихан ыңғайлы өтуі үшін талапкерлерге қосымша жағдай жасалады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев есептік кездесуде айтты. Мектеп бітірушілер бұрынғыдай 5 пән бойынша тестілеуден өтеді: үшеуі міндетті, екеуі таңдау пәні. Бүгінде ҰБТ сұрақтары 50 пайызға жаңарған. Сондай-ақ, ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыру мүмкіндіктері де қарастырылған. Емтиханды шет тілінде тапсыруға ниеттілер саны 200-ден асыпты. Тағы бір өзгерістер. Енді ҰБТ сертификатымен бірге талапкерге жоғары оқу орындарының тізімі мен грант саны көрсетілген ақпараттық парақ та беріледі. Бұдан өзге, арнайы білім алуға мұқтаж талапкерлердің жанында  жеке көмекшілері  болады.

Светлана Исмағұлова, ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары оқу орнынан кейінгі білім және халықаралық қатынастар департаменті директорының орынбасары:

- Талапкерлер биыл да  ҰБТ-ны ақылы түрде қайта тапсыра алады. Себебі, өткен жылдың тәжірибесі нәтижелі болды. Қосымша 30 мың талапкердің жоғары білім алуына жолы ашылды. Сондай-ақ, өңірлердегі қажетті мамандықты игеру мақсатында былтырдан бастап облыс әкімдіктері білім гранттарын бөлді. Бұл тәжірибе биыл да жалғасын табады деген ойдамыз.

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу