Түркістан облысында жалған медициналық құжаттарды сатумен айналысқан 3 азамат ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жалған медициналық құжаттарды сатумен айналысқан 3 азамат ұсталды

26.07.2021

Түркістан облысында жалған медициналық құжат жасап, сатумен айналысқан 3 азамат ұсталды. Арасында Сарыағаш аудандық ауруханасының медбикесі де бар. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ұсталғандар қазақстандық медицина мекемелерінің атынан ем алу туралы жалған шақырту анықтамасын әзірлеген. Оны қазақ-өзбек шекарасынан өтемін деушілерге ұсынып, 3 мыңнан - 8 мың теңгеге дейінгі бағаға сатқан.

Шұғыла Тұрлыбек, ІІМ өкілі:
Тергеу барысында күдіктілерден мөр қойылған 1266 медициналық бланк табылды. Бүгінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 385-бабына сәйкес, «жалған құжаттар жасау» деген айыппен сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр. Заң бойынша жалған құжат әзірлеген азаматтарға 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатынын ескертеміз.

Осы орайда айта кетейік, қылмыстық атқару жүйесіндегі медициналық қамтамасыз ету, енді толығымен денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беріледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойды. Бұл сотталғандардың халықаралық стандарттарға сай ем-дом алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, медицина қызметкерлері мекеме әкімшілігіне тәуелді болмайды. Яғни, заңсыз әрекеттердің алдын алуға сеп болмақ.

Бауыржан Бөгенбай

Хабарламаларға жазылу