«Теңізшевройл» компаниясына – 25 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Теңізшевройл» компаниясына – 25 жыл

04.04.2018

Қазақстанда жұмыс істеп жатқан ең ірі мұнай өндіру компаниясы «Теңізшевройлға» биыл - 25 жыл. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы компания басшыларымен кездесіп, мұнайшыларды құттықтады. Қазақстан мен АҚШ арасындағы алғашқы инвестициялық келісім 1993 жылы бекіген. Содан бері сенімді серіктестік беки түсті. Қазір мұнай өндіру бойынша жаңа үлгідегі зауыттар жұмыс істеп тұр. Жаңа кен орындарын барлау жұмыстары жүріп жатыр,  сонымен қоса, мұнайды өңдеу бойынша да жаңа жобалар бар.

«Теңізшевройл» Қазақстанда бірнеше компанияның басын біріктірген қуатты өндіріс кешені. Елімізде өндірілетін барлық мұнайдың үштен бірін осы компания өндіреді. Оның 50 пайыз акциясы «Шеврон» компаниясына, 20 пайызы – «ҚазМұнайГазға», 25 пайызы – «ЭксонМобильге» және 5 пайызы - «ЛукАркоға» тиесілі. Барланған мұнай қоры 3,2 млрд. тонна. Тәулігіне 75 мың тонна қара майды жер бетіне шығарады. Жылына 8,7 млн. тонна мұнай өндіруге қауқарлы.

Қазіргі таңда ТШО-да жұмыс істейтін қазақстандық қызметкерлердің үлесі 83 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш 1993 жылы 50% маңайында болатын. Одан бөлек, жергілікті ұлттық басшылардың, жоғары және орта буын жетекшілерінің үлесі жалпы басшылық құрамның 67%-ын құрайды. Тұрақты түрде кадрларды оқыту және шыңдау арқылы жауапты басшылық лауазымдарға тағайындалған жергілікті қызметкерлер қатары көбейе түсуде.

Компания мұнай өндіру саласында әлемнің ең озық технологиясын қолданады. Нәтижесінде, 2000 жылдан бері ТШО қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған жобаларға 3 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлді. Қазіргі таңда өндірілген газдың 98%-дан астамын кәдеге жаратуда. Соңғы 17 жылдан бері өндірілген мұнайдың бір тоннасына шаққандағы атмосфераға жіберілетін зиянды заттар 70%-ға азайды. 

ТШО тек мұнайды ғана өндіріп қоймайды. Өткен жылы сұйытылған газ сату көлемі шамамен 1,38 миллион тоннадан асса, құрғақ газ сату көлемі 7,45 миллиард текше метрге жеткен. Ал, күкірт сату көлемі 2,49 миллион тонна.

1993 жылдан 2017 жылға дейін ТШО-ның Қазақстан Республикасына тікелей қаржы төлемдері 125 миллиард АҚШ долларынан астам соманы құрады. Бұған ТШО-ның жергілікті қызметкерлеріне төленген еңбекақы, қазақстандық тауар өндірушілер мен жабдықтаушылардың өнімдері мен қызметтерін сатып алуға жұмсалған қаржы, мемлекеттік кәсіпорындарға аударылатын тарифтер мен төлемдер, қазақстандық серіктеске бөлінген тиісті дивидендтер, сонымен қатар, мемлекеттік бюджетке аударылған салық және роялти түріндегі төлемдер кіреді. Мәселен, былтыр Қазақстан Республикасына төленген тікелей төлемдердің көлемі 8,5 миллиард АҚШ долларынан асты.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу