Семей кәсіпорындары жақын шетелдермен интеграциялық байланысты нығайтып келеді. Бұл - өндіріс орындарының тамырына қан жүгіртіп, жұмыстың жандануына әсер етті, дейді мамандар.
Ықпалдастықтың арқасында өркендеп келе жатқан өндірістің бірі - «Прииртыш» құс фабрикасы. Соңғы жылдары Ресейдің бірнеше қаласымен тауар айналымын жандандырған кәсіпорын өніміне сұраныс жоғары.
Негізі кеңес заманында қаланған «Прииртыш» бройлер құс фабрикасы тоқырау жылдары тұралаған кәсіпорындардың қатарында еді. 2000-шы жылдардың басында еңсесін қайта тіктеді. Қазір облыстағы дамыған өндіріс орны.
Фабрика өніміне Қазақстан өңірлерінен бөлек, Ресейден сұраныс көп. Экологиялық таза құс еті Новосібір, Омбы, Томск, Красноярск қалаларына шығарылады.
Бейсенғазы Тастекеев, «Прииртыш» құс фабрикасының директоры:
Екіжақты интеграцияда жұмыс істеп отырмыз. Кедендік одаққа кіргеннің бір пайдасы - өнімдерімізді алмастыруға кедергі жоқ. Оған көп уақыт та кетпейді.
Жылына 10 мың тоннадан астам құс етін дайындауға қауқарлы өндіріс, өнімнің 20 пайыздан астамын Ресей қалаларына саудалайды. Ол жақтан да қайтарым бар.
Ресейден фабрика сапалы инкубациялық жұмыртқаларды алады. Мұндай қарым-қатынас екі елдің де кәсіпорындарының дамуына әсер етуде. Жұмысы шираған отандық құс фабрикасы бәсекеге толық қабілетті. Өндіріс Голландия, Германия, Испания елдерінің қондырғыларымен жұмыс істейді.
Нұржан Төлеуғазиев, өндіріс цехының меңгерушісі:
70 пайызы толық автоматтандырылған. Жұмысшыларға қазір жеңіл. Мына жабдықтардың барлығы, кейінгі үлгідегі жабдықтар.
Кәсіпорынның дамуына үкімет қолдауы да сеп болды. Мемлекет өндірілген құс етінің әр келісіне 66 теңге қайтарымсыз субсидия бөледі. Қазір фабрика басшылары тауарларын Ресейден тыс Қырғыз Республикасына және Өзбекстанға да экспорттау үшін келісім жүргізуде.
Ержан ЖАҚЫП