Бүгін «Жас Отан» жастар қанатының төртінші съезі мәресіне жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін «Жас Отан» жастар қанатының төртінші съезі мәресіне жетті

29.03.2018

Екі күн бойы барлық республикадан келген жастар озық идея мен тың бастамалар туралы пікір алмасып, бүгін арнайы құжат қабылданды. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жастарды ұлттық мүддеге қызмет етіп, кез келген ізгі істің басы-қасында жас отандықтар болуы тиіс екенін жеткізді. Президент елім деп өрге, жерім деп көкжиекке қарайтын «жасотандықтарға» үлкен үміт артатынын жеткізді.

Қайраттары қажымаған, жігерлері жасымаған, мұраттары мұқалмаған жастар төртінші съезге жиналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы құттықтау хатын жолдады. Оны съезд делегаттарына Мемлекеттік хатшы оқып берді. Президент «Жас Отан» - елін, жерін сүйетін, өз болашағын Қазақстанның кемел келешегімен байланыстыратын мыңдаған білімді де, белсенді жастардың бастарын біріктіретін, менің барлық бастамаларым мен стратегиялық жоспарларымның сенімді тірегі болып келе жатқан беделді ұйым», - деді. «Жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ерекше көңіл бөліп, басымдық бердім», деп әлемнің озық мамандарымен иық тіресе алатындай деңгейге жетулеріне шақырды.

«Сендер ата-бабаларымызға арман болған, біздің буынымыз қалаған Тәуелсіздікті баянды етіп, біздің жеңісті жолымызбен жасампаз дәстүрімізді лайық жалғастыруға тиістісіңдер. «Жаңа әлемге жол саламыз» деген съездің атауы да жастарымыздың жаңашылдыққа деген ұмтылысын аңғартып, көңілге қуаныш ұялатады. Мен сендердің тың бастамаларыңды әрқашан қолдаймын. Ендеше жаңа әлемге салған жолдарыңыз әрдайым ашық әрі даңғыл болсын!».

Сессия жұмыстарының нәтижесінде әр бағыт бойынша бірнеше үздік жоба таңдап алынды. Қазіргі таңда әлемде шекесі қызып тұрған мемлекет жоқ, экономикалық дағдарыс, тағысы тағы бар. Бірақ, осындай елдің елдігі таразыға тартылған тұста Президент ешқашан жастарына қолдауды тоқтатқан емес.

7 жасында Елбасымен Қашаған кен орнында кездесіп, батасын алған Берік Уап бүгінде мұнай саласының білікті маманы. Ол жастарды ел әлеуетін дамытып, экономиканың өрлеуіне серпін беру керектігін айтты.

Серік Есматов бала кезінде жаттығудан келе жатып, абайсызда пойыздың астына түсіп, қос аяғынан айырылыпты. Тағдырдың ауыр соққысы қаншалықты ауыр болса да, қиыншылықтарды жеңе білген ол бүгінде волейболдан Қазақстан жастар құрамасының капитаны, Малайзияда өткен жасөспірімдер Паралимпиадасының жеңімпазы.

Баймырза Адамбек жас кәсіпкер, жылқы шаруашылығымен айналысады. Алты адамды жұмыспен қамтып отыр.

Бүгін сөз алғандардың ішінде дәрігер де, ұшқыш та, жас ғалым мен инноватор оқушылар да бар. Олардың барлығы да белгілі бір жетістікке жеткен жандар. Жалпы, съезд делегаттарының саны 1500-ден асады.

Шығыс Қазақстан облысының жастары виртуалды түрде съезге қатысты, барлық айтылған озық ойларды ұйып тыңдады. Олардың айтуынша, қуатты Қазақстанның қарқыны келер ұрпаққа байланысты.

Съезге қатысқан жастардың көздерінен от, көкіректерінен мақтаныш сезімін байқауға болады. Олар бүгінгі съезге жай ғана қатысып қоймай, ертеңгі күнге сенімі еселене түскені анық. Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «жасотандықтар» еліміздегі кітапханаларды білім берудің заманауи орталығына айналдыру идеясын ұсынғанын айтты. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда бұдан да белсенді жұмыс атқаруы керек. Әрбір жас шетелдің озық өнерін үйренуге талпынып, біздің еліміздегі құндылықтарды алға жылжытудың бас күштеріне айналуы керек деді.

 Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Ел жастары Елбасының стратегиялық бастамаларын жоғары бағалап, қадірін түсініп, оларды жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етіп, бар күш-жігерін жұмсауы тиіс. Түріктің атақты ақыны Назым Хикмет «мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап»,... қызмет етейік. Алға Қазақстан, алға «Жас Отан»!

Сонымен қатар, партия төрағасының бірінші орынбасары ел жастары ортақ мүддеге ұйысуы керек екеніне тоқталды. «Әрбір жас шетелдің озық өнерін үйренуге талпынып, біздің еліміздегі құндылықтарды алға жылжытудың бас күштеріне айналуы тиіс», - деді. Жалпы, бүгін «Жаңа әлемге жол саламыз» гала-форумында съездің қорытынды құжаты таныстырылды. Онда жастардың компьютерлік сауаттылығын арттыру мақсатында оқушыларға арналған тегін бағдарламалық курстар ашу, 10 әлемдік бестселлер мен бизнес туралы 100 мақаланы қазақ тіліне аудару, жастардың кәсіпкерлігіне қолдау көрсету үшін бизнес-менторлар клубын ашу, жас Қазақстанның ар-намыс кодексін әзірлеу сияқты игі бастамалар бар. Бұл съезден байқағанымыз, бүгінгі жастар кешегінің көзімен емес, бүгінгінің биігінен қарайды.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу