Астанада «Жас Отан» жастар қанатының съезі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Жас Отан» жастар қанатының съезі басталды

28.03.2018

 «Жаңа әлемге жол саламыз». Осындай тақырыппен бүгін Астанада «Жас Отан» жастар қанатының IV съезі басталды. Басты мақсат - «Жас Отан» жастар қанатының жарғылық құжаттарын реттеу, «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасын, Елбасының «5 әлеуметтік бастамасын» талқылау. «Жасотандықтар» бес сессияға бөлініп, қазіргі ең өзекті мәселелерді ортаға салды. Төртінші съездің форматы өзгеше.

Бұл жалынды жастар Астанаға «Жас Отанның» төртінші съезіне қатысуға келді. Екі күн жол жүрсе де, шаршағаны байқалмайды, көңіл күйлері жақсы. Өйткені, олар абыройлы миссиямен алып шаһарға ат басын тіреді.

Бұл - таным-түйсігі ұшталған, талғамы таразыланған, бойларында таланты бар өскелең ұрпақ. «Нұр Отан» партиясының ізгі істерін ізеттілікпен жалғастырып жүрген  «жасотандықтарды»  ізбасарлары десе де болады. Бүгін арманы ұшқыр, мақсаты айқын жастар еңселі елордаға жиналды. Олардың мақсаттары айқын, армандары асқақ. Біздің «жастар жаңа әлемге жол саламыз», дейді.

Преиздент «жасотандықтар» еліміздің ең белді саяси партиясы «Нұр Отанның» берік тұғыры ғана емес, менің серіктестерім», деген болатын. Елбасы үміт артты, міндет үдесінен шыға білу керек. Осыдан он жыл бұрын «Жас Отан» жас партияшылардың дербес бірлестігіне айналған еді. Қазіргі таңда елімізде оның 164 мың мүшесі бар. Жоғары оқу орындарында 96, кәсіпорындарда 230 бөлімше жұмыс істейді. 171 аудандық бөлімше бар. «Жас Отанның» төңірегінде студенттер, жас қызметкерлер, жұмысшылар, түрлі кәсіп иелері топтасқан. Ал, бұл съезд бұрынғылардан өзгерек. Неге дейсіз ғой, себеп, жастар еркін форматта емен-жарқын әңгілемесіп, бір-бірін тыңдап, бүкпесіз ой айтылды.

Данияр Сүндетбаев, «Жас Отан» ЖҚ төрағасы:

- Съездің ең басты мақсаты - жастар саясатын жаңғыру. Өйткені, көптеген жаңа реформалар келді.  Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы», соның бәрін қосып, үлкен жоба құрастырамыз.

Елбасы «Жас Отан» барлық жастар ұйымдарының басын қосып, Қазақстан жастары мен барша саяси инновациялардың ұйытқысы болуы керек», деп айтады. Иә, жас кезінен жанына сіңген нәр мен нұр оны алға ұмтылдырады. Нәтижесінде озық идея мен игі істерді, оң өзгеріс пен тың бастаманы қолдайтын ұлағатты ұрпақтың тәрбиеленуіне себепші болады. Президенттің «Рухани жаңғыру:болашаққа бағдар» мақаласындағы көрсетілген бағыт-бағдар да жастар үшін өте маңызды. 

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

 - Елбасының үлкен стратегиялық мақаласының аясында біраз жұмыстар жүзеге асып жатыр. Негізгі мақсат - рухани санамызды жаңғырту, әлемге ашықтығымызды таныту, ұлттық кодты сақтай отырып, жаһанға елімізді таныту.

Партия төрағасының бірінші орынбасары «Туған жер» жобасы аясында жершілдікке жол бермеу қажеттігін ерекше атап өтті. Өйткені, біз бәріміз бір отбасының тату тәтті баласындай, бір Отанның азаматымыз. «Жасотандықтар» бес сессияға бөлініп, өзекті мәселелерді талқыға салды. «Еліміздің болашағын баянды етіп, экономиканың тамырына қан жүгіртудің кілті ол  - рухани жаңғыру», - дейді еңсесі биік ертеңгі күнінің азаматтары.

Цифрландыру жарқын болашаққа жол бастайды. Сандық жүйеге көшу кәсіпорындар мен жалпы еліміздің бәсекеге қабілеттілігін, сондай-ақ, халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін қажет. Басқалардың тәжірибесінен үйренбей, жетістігінен алмай, көрігі қызып тұрған бәсекеде басқаларды басып озу мүмкін еместігін қазақстандық жастар да жақсы түсінеді.

Өзгенікін таңсық, өзініміздікін қаңсық санайтын күндер артта қалды. Отандық өндірісті дамыту - заман талабы. Сессия барысында экспорттың әлеуетін арттырып, қалайша өз өнімімізді көбейтсек деген мәселе де қаралды.

Белла Сәтмырза - жас кәсіпкер, ол киім тігумен айналысады. IV съезден  үлкен үміт күтеді, арнайы дайындаған ұсыныстары да бар екен.

Белла Сәтмырза, жас кәсіпкер:

- Жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша 5 сұрақ дайындадым. Бизнеске қатысты сұрақтар. 

Ұрпақ саулығы - ұлт саулығы. Өзгелермен тереземіз тең, керегеміз кең болуы үшін азаматтардың денсаулығы мықты болуы қажет. Қазіргі таңда Қазақстанда тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, халықтың жағдайын жақсарту үшін барлық жағдай жасалып отыр. Біздің жастардың ойлары ұшқыр. Білім, ғылым, инновацияға бет бұру қажеттігін де Президент үнемі айтып жүр. Бес сессияның бірінде жастарды ілім-білімге, инновацияға бет бұруға шақырды.

Талғат Тілес, «Жас Отан» жастар қанатының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы:

- Мемлекеттің жастарға қолдауы өте ерекше деп айтсақ болады. Оның бірден бір себебі Елбасымыздың ерекше назары. Өзінің Жолдауларында жастарды, әсіресе, білім саласын ешқашан тысқары қалдырған емес.

Келелі кеңес барысында сезім мен сенімнің биіктігін, таным мен тағлымның тереңдігін көрсеткен  жастар сарабдал салиқалы пікір айта алатындықтарын дәлелдеді. Ел мұратын, халық мүддесін көздеген «Жас Отан» жастар қанатының IV съезі ертең де жалғасады. Алқалы жиын соңы «Жаңа әлемге жол саламын» гала-форумына ұласады деп жоспарланып отыр. Ертеңгі іс-шара виртуалды шындық форматында өтеді. Бұл модернизацияны аймақтардан келген жастарымыз көріп, Қазақстан бойынша таратады. Сондықтан, қапы қалмаңыз, құрметті жас!

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу