Еліміздегі 1150-ге жуық сауда нысандары толық тексеруден өткізілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі 1150-ге жуық сауда нысандары толық тексеруден өткізілмек

27.03.2018

Ресейдің Кемерово қаласындағы қайғылы оқиғадан кейін адамдар көп жиналатын орындарда өрт қауіпсіздігін күшейту мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Осыған орай Қазақстандағы сауда ойын-сауық орталықтарындағы өрт қауіпсіздігінің сақталуы толық тексерілетін болды. Әлеуметтік нысандар, яғни, оқу орындары, зообақтар, бизнес орталықтары, қонақүйлер де назардан тыс қалмайды. Мұндай ұсыныс бүгінгі Үкімет отырысында айтылды.

Еліміздегі 1150-ге тарта сауда нысандарының барлығы толық тексеруден өткізілмек. Қазіргі уақытта бұл жұмыстарды қатаңдату туралы ұсыныстар да әзірленді. Басты міндет - бизнес қожайындарының жауапкершіліктерін арттыру. Нысанның қауіпсіздігіне мемлекеттік инспектор емес, ғимарат иесі мүдделі болуы керек.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:

- Біз де бұл төтенше жағдайдан сабақ алуымыз тиіс. Сол себептен, Ішкі істер министрлігі мен өртке қарсы қызметтер әкімдіктермен бірлесіп, осы сауда орталықтарында тексеру өткізіп, тиісті шаралар қолдану қажет.

Қазіргі уақытта Алматыдағы барлық ғимараттар қатаң бақылауға алынды. Сауда орталықтарынан өзге барлық әлеуметтік нысан мамандардың назарында. Осындай тексерістен өтуі тиіс  ірі орталықтардың қатарына «Magnum», «Almaty Mall», «City Plus», «ARMADA», «METRO», «Спутник», «ADK» сауда орталығы, Пассаж, ГУМ, Көк базар және өзге де базарлар кіреді.

Родриго Розенбергс, Алматы қаласы ТЖД техникалық нормалау бөлімінің бастығы:

- Алматыда қауіптілігі жоғары болып саналатын әрі аумағы 1500 шаршы метр және одан да үлкен 161 сауда нысандары орналасқан. Осы 161 нысанның 118-сы былтыр толық тексерістен өткен болатын. Сәйкесінше, биыл да бірінші және екінші жартыжылдықта жоспарланған бақылау жұмыстары жүргізіледі. Нысандар әртүрлі. Сондықтан, инженерлік қондырғылар мен құрылыс жобаларынан кем-кетіктер байқалады. Ал, өрт қауіпсіздігіне қатысты қазір тексеру жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Әзірге олар істен шыққан немесе қауіпті деп айта алмаймын.

Астана әкімдігі де халық көп жиналатын орындарға қатаң тексеру жүргізуді бастап кетті. Елордадағы сауда орындары, ірі қонақүйлер, тіпті, тамақтану орындары да тексерілмек. Сондай-ақ, әкімдік өкілдері өрт қауіпсіздігі бұзылған жайттар белгілі болса, 109 бірыңғай нөміріне хабарласып айтуға болатынын ескертті. Бизнес өкілдері болса, қоғамдық орындардағы қауіпсіздіктің сақталуына әрбір азамат ерекше мән бергені дұрыс деп отыр.

Мұндай кезектен тыс ескертусіз тексерулерді кез келген уақытта, тіпті күн сайын ұйымдастыруға болады. Қоғамның қауіпсіздігіне халықтың өзі араласуы әлем елдерінде оң нәтиже беріп келеді. «Сондықтан, бұл бастаманы бұқара халық қолдаса, оң нәтижегі қол жеткізеріміз сөзсіз», - дейді мамандар.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу