ОҚО-да 13 ауылда медицина орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да 13 ауылда медицина орталығы ашылды

06.03.2018

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы Өзбекстанмен шекаралас қонған және орталықтан шалғай жатқан 13 ауылға медициналық пункт салынды. Осының арқасында енді бұл ауылдың тұрғындары ауыра қалса, бұрынғыдай көрші елді мекенге немесе орталыққа сабылмайды. Жаңадан ашылған емдеу орнында науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсетуге толық жағдай жасалып отыр.  

Сәркеде бүгінгі таңда мыңға тарта тұрғын бар. Өзбекстаннан атажұртқа қоныс аударған қандастарымыз тұтас бір ауыл. Тұрмысын тіктеп келе жатқан елді мекенде бір қиындығы, осы кезге дейін алғашқы медициналық көмек көрсететін мекеме болмады. Ауру баласын арқалап, ересегін жетелеп үш шақырым жердегі Атамекен ауылына баруға мәжбүр еді. Енді бұл машақат артта қалды.

Эльмира Садықова, Сәрке ауылының тұрғыны:

- Қыста, жазда бізге балаларды көтеріп бару қиын болатын. Оның үстіне, жол да тегіс емес. Қазір ауылымызға емхана салынып, жақсы болып қалды.

Емдеу орнында науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсетуге  барлық жағдай жасалған. Ем-дом шаралары үшін арнайы бөлмелер жабдықталған.

Әбдіразақ Жораханов, Көктөбе ауылдық емханасының аға дәрігері:

- Көру бөлмесі, акушерлік бөлмесі бар. Соларға қызмет көрсете аламыз. Дәрігерлеріміз аптасына бір рет келіп, қабылдау өткізіп отырады.

Ауданда  қазіргі басты қиындық бейінді мамандықтағы дәрігерлер тапшылығын жою болып отыр. Ол үшін  орталық емханада осы мамандарды оқыту, біліктілігін арттыру ісі қолға алынды.

Бекзат Спанов,  Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Гематолог, ангиохирург, нейрохирург, пульмонолог және аллерголог мамандардың осы аудандық орталық емханада кеңес беруі ұйымдастырылған.

Сарыағаш – түстіктегі демографиялық өсімі жоғары, халқы ең көп аудан. 360 мыңға тарта тұрғыны бар. Аймақта медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін тағы 10 фельдшерлік-акушерлік пункт және бір орталық емхана салу жоспарланып отыр. Жаңа емханада дәрігерлердің бір мезетте 500 науқасты қабылдап, кеңес беретін мүмкіндігі болады.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу