Бұл мәселе бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде талқыланды. Жиынға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, экологиялық ұйымдардың, «жасыл» энергиямен айналысатын мекемелердің өкілдері қатысты. Мамандардың айтуынша, енді 10 жылдан кейін «жасыл» экономиканы енгізбеген елдер бәсекеге қабілетті бола алмай қалады. Сондықтан, осы кезден бастап бұл салаға үлкен мән беру қажет. Біздің елде осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда, жеткіліксіз. Қоқыстарды қайта өңдеп, одан қоғамға пайда әкелетін заттар жасайтын компаниялар санын арттыру керек. «Қоқыс-нағыз табыс көзі екенін көбі түсінбей жүр»,-дейді мамандар. Тіпті, бұл мәселені Мемлекет басшысының өзі үнемі көтеріп жүреді. Президент бұл саланы жандандыру үшін шетелдік инвесторларды да тартуды тапсырды. Соңғы мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда өнім өндіруге болатын 43 миллиард тонна қоқыс бар. Олардың тек 9 пайызы ғана өндіріледі.
Мұрат Әбенов, «Атамекен» ҰКП комитет төрағасы:
-«Жасыл» экономиканы пайдаланған елдер біріншіден үнемді, сапалы, бағасы арзан, болашаққа экологияны сақтауға мүмкіншілігі мол.