Семейлік Ардақ Қабышев «Жұмыспен қамту жол картасы -2020» бағдарламасының арқасында кәсіпкерлікпен шұғылданып, ағаш ұсталығын дамытып келеді. Ол бүгінде саба, орындық-үстелдер мен бесіктерді тапсырыспен жасайды.
Қазір ұлттық сусын дайындайтындардан сабаға деген сұраныс көбейген. Сондықтан өз өнімдерін ұста ғаламтор арқылы жарнамалап, сата бастаған.
Ағаш шебері-Ардақ Қабышев тұрмыста қолданылатын ұлттық бұйымдарды жасауды кәсіп етуді талайдан бері жоспарлаған болатын. Алайда қолдың қысқалығынан ойлаған ісін бастай алмаған. Жоспарды іске асыруға мемлекеттік бағдарлама түрткі болды, дейді өзі.
Шағын несие алып қажет құрал-жабдықтарын түгендеген. Қазір қымыз пісетін сабаның сан түрін жасап, сатып нәпақасын табуда. Семейден бөлек басқа қалалардан да алушылар табылған.
Ардақ Қабышев, кәсіпкер:
3 миллион теңге несие алдым. Бірінен -бірі естіп, ешқандай жарнамасыз алып жатыр. Былтырдың өзінде Астанадан да сұраныс түсті.
Ұста сабаның сыйымдылығы орташаларынан бастап, тапсырыс болса өндірісте қолданылатын 100-150 литр қымыз пісетіндей үлкендеуіне дейін жасайды. Ағаштың сапалысын Ресейден алғызады.
Ардақ Қабышев, кәсіпкер:
Тамақтың ыдысы болғаннан кейін, қайың немесе қарағайлар жарамайды. Олардың шайыры бар. Көк терек керек. Сонымен жасаймыз. Қымызға бұл өте қолайлы және сапасының өзгеруіне ешқандай әсер етпейді.
Семейде өткен жылы жұмыссыздар «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы шеңберінде 230 дан астам түрлі жобаны ұсынған. Оларды іске асыру үшін үкіметтен 577 миллон теңгеден астам қаржы бөлінген. Мамандар басталған әрбір бизнес жобаның жүзеге асырылуы көңіден шығуда, деп отыр.
Мәуліт Қилыбаев, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы:
Қаражат жұмыссыздар өздерін-өздері жұмыспен қамтамасыз ететіндей жағдайға жету үшін бөлінді. Сол арқылы шаштараз ашып жатқандар, тіс жөндейтін емхана ашқандар бар. Одан кейін ұмыт болып бара жатқан қазақтың қолөнерін дамытқандар да бар.
Бұрын жұмыссыз болған Ардақ Қабышевтың бүгінде табысы тұрақты. Пайдасын көрген соң, өзінің ұлын да осы іске баули бастады. Бір адамды жұмысқа алған. Енді алда тұрмыста қолданылатын ұлттық бұйымдардың түрлерін одан әрі көбейтпекші.
Ержан ЖАҚЫП