Кәсіпкерлер Астанада кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлер Астанада кездесті

19.03.2014
Кәсіпкерлер Астанада кездесті

Кәсібінен нәсібін айырып жүргендерге тексеру тыйылып еді, талайдың тірлігі түзеле бастады. Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Қайта мемлекет қазынасына түсетін қаржы арта түседі. Бұл туралы  «Стартап» атты бизнес-форумда айтылды.

 
Жиында 1000-ға жуық кәсіпкер арнайы мастер-кластар мен бизнес-тренингтерге қатысып, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды. Бұл - кәсіпкерлердің өзара байланыс орнатып, бәсекеге түсуіне таптырмас алаң.
 
Астаналық Нұрлан Құрақбай «Стартап» форумына осымен үшінші рет қатысып отыр. Кәсіпкер электронды кітаптар шығарумен айналысады. Кітапта қазақ ертегілері, әндері және Абайдың Қара сөздері мен өлеңдері қамтылған.
 
Қазір көрмеге қойған өнімдерін Оралдан келген әріптесі Дәурен Сатқановқа таныстыруда. Өйткені, Дәурен де осы бағытта, яғни, балаларға арнап, 3D форматында анимациялық фильмдер түсіреді. Енді олар кәсіптерін байланыстыратын болса, тәуір дүниелер шығаруға мүмкіндік бар. Кәсіпкерлер бірігіп жұмыс істеуге келісті. Бірі кітап құрастырса, бірі дыбысын жазады.
 
Дәурен Сатқанов, кәсіпкер:
Әріптес табуға, өзіміздің бизнесімізді кеңейту мақсатында келдік. Келгендегі еңбегіміз ақталды. Осы жерде «Интерактив» компаниясымен таныс болып, өзара келісімге келіп жатырмыз.
 
Нұрлан Құрақбай, кәсіпкер:
Шамамен 2-3 сағаттың ішінде 40-50 адаммен кездесуге мүмкіншілігіміз болды. Яғни, бір мезетте бірнеше саланың адамдарымен танысып, олардан өзімізге мәлімет алып,  өзіміздің компаниямызды таныстырдық. Бұл да бізге берілген үлкен мүмкіндік.
 
Бизнес ғылымнан алшақтамауы тиіс. Елбасы Жолдауында осыны айтып еді. Кәсіпкерлер мен ғалымдар біріккенде ғана өзімізде жасалған өнімнің саны да, көлемі де артады. Бұл - форумда талқыланған басты мәселе. Бұдан бөлек, кәсіп иелері сан түрлі сұрақтарына осы жиында жауап тапты.
 
Жұмабек Жанықұлов, «КАЗКА» Қазақстанның кәсіпкерлер қауымдастығы» Басқарма кеңесінің төрағасы:
Бұл жердегі мақсат - кәсіпкерлер көкейіндегі сұрақтарға жауап  беру. Бұл форумға салық саласындағы мамандар, қаржы полициясынан, СЭС-тен және әкімдіктен өкілдер келіп, семинарлар өткізуде.
 
Болашақта ішкі жалпы өнімнің 50 пайызы шағын және орта бизнестің үлесінде болуы керек. Жақында жарияланған мораторий да сол межеге жету мақсатында жасалған болатын. Нұрлан мен Дәурен салынған тыйымның тиімділігін сезініп үлгергендерін айтады.
 
 
Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу