Астаналықтар үшін жаяу жүргіншілер жолағы қауіпті болып тұр. Өткен жылы арнайы жолақпен жолды қиып өтпек болған 36 адам бақилық болды. Мұны 2016-шы жылмен салыстырсақ еселеп артқанын байқаймыз. Бұл туралы қала аумағындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған брифингте айтылды. Бұдан бөлек, баспасөз жиынында өткен жыл қорытындыланып, сергек камераларының нәтижесі сөз болды.
Астанада тіркелген көліктің саны - 360 мың. Транзиттік және облыстардан келіп-кететін көліктерді қосқанда 400 мыңға жуықтайды. Көшедегі тәртіпті мамандардан бөлек 240 камера қадағалайды. Оның қырығы сергек камералары болса, 83-і жылдамдық асырғандарды қалт жібермей түсіріп алады. Есесіне, нәтиже жаман емес.
Бақытжан Алтыбай, Қалалық ішкі істер департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- 2016 жылы 708 жол-көлік оқиғасы болса, 2017 жылы 583 көлік оқиғасы орын алған.
Брифингте сергек камералары кеңінен сөз болды. Мамандардың айтуынша, осы құрылғының арқасында былтыр көшедегі 35 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, қазынаға 242 млн теңге түскен. Ал, жыл басталғалы ережені елемеген 1500 жүргізуші 9 млн айыппұл төледі. Тағы бір мәселе, биылдан бастап жол сақшылары толығымен планшетпен жұмыс істеуге көшеді.
Бақытжан Малыбаев, Қалалық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы:
- Электронды планшетке ИИН енгізесіз, содан барлығы шығатын болады. Жол сақшысы 5 минуттың ішінде барлығын біледі де, жүргізушіні жібере береді.
Досымжан Ермұрат, тілші:
- Астаналықтар үшін жаяу жүргіншілер жолағы қауіпті болып тұр. Статистикаға сүйенсек, 2016 жылы 20 адамның ажалы осы жаяу жүргіншілер жолағынан болса, былтыр бұл көрсеткіш 36-ға жеткен. Сол себепті, жергілікті полиция мамандары биыл қаладағы 105 жаяу жүргіншілер жолағының 56-на бағдаршам орнатып, қауіпті деген 17-сінің жұмысын мүлдем тоқтатпақ.
Досымжан ЕРМҰРАТ