Үкімет өткен жылды қорытындылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет өткен жылды қорытындылады

12.01.2021

1,5 миллион адам жұмыспен қамтылып, 700 мың кәсіпкерге салықтық жеңілдік жасалды. Бүгін Үкімет еліміздің өткен жылғы экономикалық-әлеуметтік дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуын қорытындылады. Оған сай көрсеткіштер жыл басында айтарлықтай төмендегенімен, соңына қарай оң динамика байқалады. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде - 3,9, фармацевтикада - 47, машина жасауда - 16,3, жеңіл өнеркәсіпте 15 пайызға өсім бар. Ал құрылыс көлемі 11 процентке артып, биыл 15 млн шаршы метрден астам үй пайдалануға берілді. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
2020 жыл сын-тегеуріндерге толы жыл болды. Уақытылы қабылданған шаралардың арқасында біз оларды еңсере алдық. Еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі қамтамасыз ету және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында партияның сайлауалды бағдарламасын тиімді іске асыру қажет. Осының арқасында ең бастысы халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға жағдай жасалады. 

Жыл қорытындысы бойынша қызмет көрсету саласында 5,6 пайыз, ал сыртқы сауда айналымында 14 процент шамасында төмендеу бар. «Бірақ эпидахуал тұрақтанып, қазір жағдай жақсарып келеді», - дейді премьер. 

Сондай-ақ Мамин Үкіметтің дағдарыс жағдайында экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларының тиімділігін халықаралық қаржы институттары жоғары бағалағанын жеткізді. «Ал алдағы ауқамды міндеттер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралады», - деді Премьер-Министр.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу