Астанаға көмір жетпей жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанаға көмір жетпей жатыр

01.02.2018

Бұл көмір кезегіне күнде келетін тұрғындардың жанайқайы. Елімізде 200-ге жуық көмір өндіретін кеніш бар. Ал, Қазақстан көмірінің жалпы геологиялық қоры 164 млрд. тоннаға тақау. Ұшы-қиыры жоқ байлықты, қасқалдақтың қанындай қылып уысында қысып отырған кім? Бұл сауалға Ғабит Бөкенбай жауап іздеп көрді.

Ғабит Бөкенбай, тілші:

 - Қойны-қонышы қазба байлыққа сыймай жатқан жердің иесі неге көмірге жарымай отыр. Бұл - бас қаланың ғана емес, күллі қазақтың басын қатырған басты мәселе. Қазіргі сұраныс рекордтық деңгейге жетті. Көптің көңілін күпті еткен күрделі күрмеу сол күйі күрмеліп тұр. 

Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді. Мұндағы жұрт екінші санатқа жатады. Іздегені жылу.

Бүгін Шұбаркөлден 3 вагон келді. Оныңыз 200 тоннадан сәл асады. Енді, 100-ге жуық көліктің ішінен өз еншіңді алып кету тура қиямет қайым. Жұртшылық көмір үшін отқа да, суға да түсуге дайын. Бір байқағанымыз, білегі жуандары күшпен алады. Ал, ақсақалдар дәрменсіз күйде жүр.

Ғабит Бөкенбай, тілші:

 - Қара тас іздеген халықтан қадір қашып тұр.  Пештің жылуы суыған сайын көңілі мың суып, мың құбылатын ер жігіттің көңіл-күйін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Одан кейін, екі есе қымбат сатып, тау-тау табысқа кенелген саудагердің хәлін түсініп көріңіз. Жо-жоқ олай демеңіз. Бұл еркін сауда ғой дер біреу. Дейтұрғанмен, тоңып секіргенмен, тойып кекірген бірдей емес қой.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу