Бурабай курорттық аймағын дамыту үшін ауданы 233 гектар жер бөлінді

01.02.2018

Алдағы уақытта мұнда спорттық және сауықтыру орталықтары, аквапарктер, шаңғы аренасы және қонақүйлер бой көтермек. Бұл туралы бүгін аймақты дамыту бойынша ұйымдастырылған жиында айтылды. Ұлттық туризмнің жауһары саналатын Бурабай өткен жылы экономикамызға 5 миллиард теңге табыс әкелген. Ал, оны дамыту жобасы аясында 2020 жылға дейін 61 миллиард теңге бөлініп отыр. Қаржының жартысы жеке инвестицияға тиесілі. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзінше, Бурабай жылдың төрт мезгілінде де қолжетімді болатын демалыс орнына айналуы тиіс. Сондай-ақ, онда xалықаралық шараларды өткізу арқылы туристерді көптеп тартуға болады. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Биыл жазда алғаш рет халықаралық балалар фестивалін өткізейін деп жатырмыз. Ондай шаралар Испания, Түркия және тағы басқа мемлекеттерде жиі ұйымдастырылады. Неге десеңіз, бір баламен бірге міндетті түрде бес-алты адам келеді. Осылайша, ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік бар. Сол себепті, биылғы фестивальді Астанамен қатар Бурабайда өткізгенді жөн көрдік.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу